16.04.2021

Биыл Алматының бірнеше медициналық мекемесі кеңейтіліп, жөндеуден өтеді. Бұл туралы бүгін Алматы Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев мәлімдеді. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сөйлеген сөзінде спикер жергілікті атқарушы органдар денсаулық сақтау жүйесіне көп көңіл бөліп отырғанын айтты. Әсіресе пандемия кезінде. Сондықтан әкімдікте ауруханалардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары ерекше бақылауда.

С. Нұрашевтің айтуынша, 2020 жылы 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды, бұл мыңнан астам төсек-орын. 280 және 300 төсек-орынға шақталған модульді ауруханалар салынды, сондай-ақ 500 төсек-орынға есептелген инфекциялық аурухананың филиалы ашылып, ПАБ және № 4 перзентхана корпусына жапсарлас құрылыс жүргізілді.

«2021 жылы қуаты жылына 80 мың пациентті қабылдайтын №7 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімшесінің жапсарлас құрылысы пайдалануға беріледі, сондай-ақ №6 қалалық емхана мен ауданаралық туберкулез диспансеріне күрделі жөндеу жүргізе отырып, сейсмикалық нығайту нысандарын аяқтау көзделген», — деп хабарлады Сапар Нұрашев.

Одан бөлек, Манас көшесі, 40 мекенжайы бойынша орналасқан балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына арналған қабылдау бөлімшесінің жаңа корпусын, Түрксіб ауданындағы Кемел, Нұршашқан, Думан, Қарасу, Саялы шағынаудандарында және Айбасов көшесінде орналасқан алты отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны салу жоспарланған.

Сондай-ақ Алатау ауданының Трудовик шағынауданында тұрғылықты жері жоқ адамдар үшін жедел әлеуметтік көмек пунктінің құрылысы басталады, №11 қалалық емхана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіледі.

Сапар Нұрашев спорт нысандарының құрылысына көп көңіл бөлінгенін айтты. Биыл жаңа «Теннис орталығының» құрылысы аяқталады, онда бірден 14 корт пайда болады. Айта кетейік, жоба Теннис спорты федерациясының халықаралық стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

«Айнабұлақ-2, Алатау, Жас қанат, Зерделі, Кемел және Құлагер шағынаудандарында 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталады», — деп қорытындылады Сапар Нұрашев.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі