Алматыда қаладағы алғашқы өнеркәсіптік парктің тұсаукесері өтті

04.09.2020

2020 жылғы 4 қыркүйекте «Almaty Finance» компаниясы («Алматы» ӘКК еншілес кәсіпорны) журналистерге Наурызбай ауданындағы «Ala Estate» ЖШС компаниясының алғашқы өнеркәсіптік паркін таныстырды.

Аталған нысан «Almaty Business 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылдың қараша айында іске қосылған.

«Almaty Finance» компаниясы жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Нұржан Садықов журналистерге таныстырылған нысандағы қолдау схемасы жөнінде баяндап берді:

-Жобаның басты мақсаты қолданыстағы өндірістік ғимарат алаңдарын қайта жөндеуден өткізіп, жетілдіру. Сонымен қатар осы өнеркәсіптік парк аумағында бірыңғай кластер құру міндеті қойылды. Былайша айтсақ, осыған ұқсас бағыттағы жобаларды орналастыру. Ғимарат алаңы белгіленген төмен бағамен жалға беріледі. Яғни, 1 шаршы метрінің бағасы 1000-1200 теңге, ал жалға беру мерзімі 5-7 жыл. Бірінші жоба «Furtina» компаниясы жүзеге асыратын жиһаз өндірісіне қатысты. Мұнда екі есе жетістікке қол жеткізілді. Яғни, біз өнеркәсіптік парк құрылысына қолдау көрсеттік. Ал оның аумаңында біздің қолдауымызға сәйкес, жихаз жасау жобасы жүзеге асырылуда. Егер өнеркәсіптік паркті жылдық 6% мөлшерлемемен қаржыландырсақ, ал жиһаз жасау жобасына жылдық 2% мөлшерлемемен қаражат бөлдік. Біз 7 жылға дейінгі мерзімге инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін, ал 3 жылға комиссиясыз капитал айналымына қолдау көрсету мақсатында жылдық 2 және 6% мөлшерлемемен несие береміз. Несиелендіру бағдарламаларының ерекшелігі – біз клиентпен тікелей байланысып, толықтай қызмет түрлерін ұсынамыз.

«Almaty Finance» компаниясы өкілінің айтуынша, кәсіпкерлер үшін тағы да бірқатар артықшылықтар бар. Атап айтсақ, жобаны қарастыру барысында ешқандай комиссия алынбайды. Бүған қоса, серіктестерге «Almaty Finance» компаниясы, «Qolday» кәсіпкерлік орталығы, «Алматы» шағын қаржы үйымы орналасқан «Инвестициялар үйінде» қызмет түрлері көрсетіледі. Сондай-ақ қаражатты бекіту мерзімі 30 күннен 5-10 күнге дейін қысқартылды.

Алдағы уақытта Алматы қаласында осындай тағы алты өнеркәсіптік парк құру жоспарлануда. Бұған қоса, инвестор креативті индустрия, әлеуметтік нысандарды салу, өңдеу өнеркәсібі жобаларын дамыту, стационарлық емес сауда нысандары желісін дамыту саласындағы жобаларға қолдау көрсетпек. «Almaty Finance» компаниясы өкілдерінің айтуына сүйенсек, бұлардың қатарына өнеркәсіптік парктер, қызмет көрсету орталықтары, «қолжетімді жерде» орналасқан жаңа форматтағы дүкендер жатады.

Қазіргі сәтте бағдарлама аясында 6,6 млрд теңге сомасына 29 жоба мақұлданды. Олардың ішінде, 17 жоба 5,4 млрд теңге көлемінде қаржыландырылып, 214 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ 1,7 млрд теңгенің жобалары қазір қарастырылу үстінде.

Орталық пен периферия арасындағы іскерлік климаттағы тегерімсіздікті жою үшін, қаланың жаңа аудандарына, оның шет аймақтарына басты назар аударылады.

«Ala Estate» ЖШС басшысы Қанат Бидараловтың айтуынша, өнеркәсіптік парк аумағында қазіргі сәтте корпустық жиһаз бен медициналық және арнайы жиһаз өндіретін компаниялар орналасқан. Қыркүйек айының соңына дейін мұнда кеңсе тауарлары, экологиялық қаптамалар мен бетперделер өндіретін кәсіпорындар іске қосылмақ.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі