Дархан Сатыбалды көлік жобаларының жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алуды тапсырды
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді. Жиында LRT, метро, BRT желілерінің құрылысы, сондай-ақ радиалды және магистральды жолдарды жүргізу жобалары қаралды.
Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевтың айтуынша, қазір ұзындығы 32,5 шақырым болатын LRT желісінің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Жобаға сәйкес, Алатау ауданындағы индустриалды аймақта депо салынып, ол «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін жалғасады. Сондай-ақ Наурызбай ауданындағы «Барлық» базарымен және Құлжа тас жолы бойындағы «Шығыс» торабымен байланыс орнатылады. ТЭН қазан айында аяқталып, одан кейін EPC шарты аясында жобалау, құрылыс және жабдық сатып алу бойынша мердігер анықталады.
Метро құрылысына қатысты әкімге мынадай мәлімет берілді: қазіргі желіні «Қалқаман» метро бекетінен «Барлық» базарына дейін ұзартуға арналған жобалық-сметалық құжаттама дайын. Бұл учаскеде 3 жаңа бекет қарастырылған. Құрылысты мемлекеттік сараптама қорытындысынан кейін бастау жоспарланған. Бұған қоса, «Жібек Жолы» метро бекетінен әуежайға дейінгі екінші желінің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Ол да қазан айында дайын болады. Ал үшінші желі «Сайран» метро бекетінен Алатау қаласына дейін созылып, бұл бағыт бойынша да құжаттама әзірленуде.
«Қоғамдық көлікті дамыту – қала үшін басты басымдық. LRT, метро, BRT – стратегиялық жобалар. Олар сәтті жүзеге асса, қала тұрғындарының қозғалыс мүмкіндігі артып, экология жақсарады, демек өмір сапасы да көтеріледі. Біз жұмысты жеделдетуіміз керек. Әр күн қымбат. Сондықтан жобалау кезеңінен бастап пайдалануға берілгенге дейін барлық жұмысты өз бақылауыма аламын», – деді Дархан Сатыбалды.
Кеңесте Жібек Жолы – Райымбек батыр көшелерінде салынып жатқан BRT желісі, «Алматы-3» теміржол вокзалының құрылысына дайындық барысы және магистральды әрі радиалды көшелерді жүргізу жұмыстары баяндалды. Сондай-ақ Алғабас, Шұғыла, Ақжар, Боралдай, Жас-Қанат, Рахат-Мәдениет, Теректі ықшам аудандарында жол салу мәселесі қаралды.
Кеңес қорытындысында Алматы әкімі барлық жобалардың мерзімін қатаң сақтауды, құрылыс пен жобалауда сапаны қамтамасыз етуді тапсырды. Әр жоба бойынша нақты мерзімі мен жауапты орындаушылары көрсетілген жол картасын әзірлеу жүктелді.