22.12.2021

Алматыда халықты ревакциналау қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде тек Алмалы ауданындағы №30 қалалық емханада 400-ден аса тұрғын екпенің үшінші мөлшерін алып үлгерді. Қазір қаладағы 132 егу пунктінде қайта иммундалуға келген пациенттерге отандық QazVac пен VeroCell екпелері ұсынылуда.  

Алматы қалалық №30 емханада бүгінде 30 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Қазір мекемеде халықты иммундау мен жаппай ревакциналау жұмыстары белсенді жүруде. Бүгінге дейін қайта егілген адамдар саны 400-ден асты дейді дәрігерлер. 

«Қазіргі кезде емханамызда 2 түрлі екпе ревакциналауға бар. Олар: QazVac және VeroCell екпелері. «Спутник V» бізге әлі келген жоқ. Бірақ бірінші эшалонда алған адамдар көбінесе векторлы вакцина «Спутник V» алған. Сондықтан оларға қазіргі кезде ревакциналауға тек инактивтендірілген вакцина алғаны жақсы болады», – деді № 30 қалалық емхананың бас дәрігері Әсел Хамидулла.

Осы ретте мамандар алғашында «Спутник V» алған адамдар қайта вакциналау кезінде бұл екпені қайталамағаны дұрыс дейді. Себебі бұл вакцинаның екі компонентінің құрамы әртүрлі және пациенттер оны ауыр өткереді екен. Сондықтан емхана қызметкерлері отандық QazVac-ты алуға ниет білдіріпті. Бүгінде мұндағы қызметкерлердің 98 пайызы ревакциналанған.

«Екпенің үшінші мөлшерін алдым. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Көпшілікке де тезірек ревакциналануға кеңес беремін. Өз денсаулығымызды өзіміз күтуіміз қажет қой», – деді № 30 қалалық емхананың қызметкері Галина Тленчиева. 

Емханада қайта егуден бөлек, халықты вакциналау да жалғасуда. Иммундалуға келгендердің барлығы екпенің вирусты жеңетініне сенімді.

«Вакцина – вирустан қорғайды, денсаулығымызды нығайтады. Бұл – бақытты өмір сүрудің кепілі. Сондықтан пандемияны тоқтатуға үлес қосып, жанұямды вирустан сақтағым келеді. Қазір отбасымда барлығы иммундалған. Енді мен алаңдамаймын», – деді қала тұрғыны Нұрболат Талмұхамбет.

Қазір емханада жүкті және бала емізетін әйелдер мен оқушылар да иммундалуда. Бүгінгі күні америкалық екпенің бірінші компонентін алғандар саны 192 адамға жеткен. Толық курсынан 120 тұрғын өтіпті. Сондай-ақ ревакциналауға Pfizer-ді сұраған азаматтардың тізімі жасалуда. Ол алдағы уақытта бекітілген 3 медициналық мекемеге жіберіледі.

 

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.