Алматыда көпжылдық және біржылдық декоративті өсімдіктерді отырғызу жұмысы басталды. Гүлмен абаттандырылатын аумақтың жалпы көлемі шамамен 185 мың шаршы метр.
Қалада раушан, қызылкүрең, коламбус, абба, лаванда, сәлбен, қазтамақ, гортензия және өзге де декоративті өсімдіктер отырғызылады. Жол жиектеріне маусымдық гүлдерден соң келесі маусымда өсіп шығатын гүл түптері отырғызу ыңғайлы болуы үшін біржылдық өсімдіктер егіледі.
Мамандар баданалы өсімдіктермен қатар, көпжылдық және біржылдық гүлдерді де егеді. Қазіргі кезде көпжылдық өсімдіктердің үлесін арттыру бойынша жұмыстар кезеңмен жүргізіліп жатыр. Бүгінде көпжылдық өсімдіктер үлесін 60%-ға жеткізу жоспарланған.
Гүлдер климаттық жағдайларға, көлемі мен қалпына, гүлзарлардың көлеміне және сәндігіне қарай таңдалады. Биыл көпжылдық гүлдерді 15 мамырға дейін, біржылдық өсімдіктерді 10 маусымға дейін отырғызады. Ал баданалы өсімдіктер қазан және қараша айларында егіледі.
Биыл суару жұмыстарын қала бойынша күшейту жоспарланған. Мемлекеттік жеке серіктестік аясында қаланы декоративті көгалдандыру жұмыстарына 400 маман мен 50 бірлік техника жұмылдырылды.
Дереккөз: Almaty.tv