Алматыда Есенғали Раушановтың «Құнанбай мен Абай» шығармасы сахналанды

28.03.2022

Әкемтеатрда өткен шара қаламгердің дүниеден озғанына бір жыл толуына орай ұйымдастырылған.

Белгілі ақын, жазушы Есенғали Раушанов жазған «Құнанбай мен Абай» спектаклі алғаш рет Алматыда сахналанды. Қойылымды ел назарына ұсыну үшін Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының ұжымы арнайы келген. Әкемтеатрда өткен шара қаламгердің дүниеден озғанына бір жыл толуына орай ұйымдастырылған.

Алматылық көрермен тағы бір жаңа театр туындысын тамашалады. «Құнанбай мен Абай» деп аталатын музыкалық қойылым сонау маңғаз Маңғыстаудан жеткен. Мұхтар Әуезов атындағы драма театрда сахналанған спектакльдің авторы – белгілі ақын Есенғали Раушанов. Биыл қаламгердің дүниеден озғанына жыл толып отыр.

«Есенғалиді жұрт ақын ретінде танығанымен, оның табиғат, құстар жөнінде жазған туындылары бар. Ал драматургияда қалам тартқанын жұрт біле бермейді. Бүгін соны жұртқа паш ететін уақыт келді. Бұл – елге, соның ішінде Алматының зиялы қауымына көрсететін туынды», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нұрнияз Мұқанов.

Спектакль желісі әке мен баланың о дүниеде кездесіп, сырласуымен өрбиді. Қойылымда Абайдың поэзиясы, ғақлиялары, әндері қолданылады. Жаны мен тәні үйлесім тапқан әке мен бала арасындағы парасатты ой-тұжырымдар, адамгершілік келбет көрсетіледі.

«Жүрегі нәзік еді. «Қодарды өлтіруге пәрмен бергенде сізді жек көріп кеттім» дейді. Адамды өлтіруге болмайды, адамды қорламау керек дейді. Дәстүрді қорламай, заңмен жұмыс істеу керек дейді. Мұны бала мен әкенің сырласуы деуге болады», - деді Маңғыстау облыстық Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының актері Сүндет Сәрсен.

Жалпы спектакльді қоюға 40 адам келген. Музыкалық драма Маңғыстауда 2 жылдан бері қалың көпшіліктің ықыласына ие болып келеді.

«Бұл – Маңғыстаудағы көрермендеріне ұсынып, Есенғали аға өзі көріп, театр сыншыларының алдынан өткен спектакль. Халық қуанып қарсы алатын сүйікті спектакліне, біздің тұрақты репертуарымызға айналды деп айта аламыз», - деді Маңғыстау облыстық Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театры директорының орынбасары Тоқтамұрат Тілеуұлы.

Есенғали Раушанов бұл спектакльді көзі тірісінде Абайдың 175 жылдығына орай жазған. Ақын әрі жазушыны еске алу шарасы мұнымен шектелген жоқ. Еліміздің қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен қаламгер рухына ас беріліп, құран бағышталды.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.