19.04.2022

Автор жұмысының тағы бір ерекшелігі – пластикалық материалдан жасалған әйел роботтар топтамасы.

Ерекшелігі сонда – бұл фигуралар шаңсорғыш, ойыншық мен магнитофон, көлік сынды тұрмыстық заттардан жиналған.  Қуаныш Мұхамеджановтың негізгі мамандығы - тіс дәрігері. Ал «Қайта өңдеу бағытындағы Recycle art өнері – бала кездегі арманым» деген кейіпкер робот жасауды 5 жыл бұрын бастаған. Бүгінде ол құрастырған мұндай туындылардың биіктігі кем дегенде 2, ал ең үлкені 4 жарым метрге дейін барады. Көрмеге қойылған жұмыстар да көптің көңілінен шығып, қызығушылығын оятты.

«Роботтар көрмесі өте қызық, күшті және экологияға пайдалы. Балаларға да қызық болып жатыр. Осындай көрмелер жиі бола берсін», – деді қала тұрғыны Назым Жұмағазықызы.

Алғашында фигураларды металдан жасап, кейін пластиктен құрастыруға көшкен Қуаныштың қоржынында бүгінде жалпы саны 30-ға жуық мүсін бар. Тіпті, әрқайсына арнайы ат қойылыпты. Автор жұмыстарының тағы бір ерекшелігі – пластикалық материалдан жасалған әйел роботтардың топтамасы.  Автордың айтуынша, әлемде мұндай мүсін санаулы ғана көрінеді.

 

«Бір аптада сварканы ютубтан үйреніп, сосын бір айдың ішінде тез краскілеп бір роботты шығардым. Оны ресторанның алдына қойып, ол адамдарға ұнап, келе бастады. Содан менің коллекциялық роботтарым басталды», – деді роботты құрастырушы Қуаныш Мұхамеджанов.

Мүсінші жасаған алғашқы робот бастапқыда мейрамхана алдында тұрған. Туынды көптің көңілін бұрып, тәнті еткен соң, автор шабыт алдым дейді. Сол күннен бастап Қуаныш құлтемір жасауға толығымен бет бұрған. Бүгінде мейрамханасын шеберханаға айналдырған ол бір ғана роботты жалға беру арқылы жақсы пайда табуға болады дейді.

Маманның айтуынша, бір роботты құрастыру үшін бір айдан бір жылға жуық уақыт кетеді екен. Терминатор Т600 бір ай жиналып, енді үлкен компанияларға жалға берілмек. Алғашында мұндай өнерді көпшілік түсіне бермегенімен, қазір қолдаушылар қатары көбейіп келеді. Себебі, пластикті қайта өңдеу экологиямызға да оң әсерін тигізбек. Осылайша, Қуаныш Мұхамеджанов ескі дүниеге екінші өмір сыйлау арқылы табиғатты сақтауға да өз үлесін қосып жүр.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.