Сахнада әлемге әйгілі этномузыканттар өнер көрсетеді.
Ethnotronica Almaty электронды музыка фестивалі Абай алаңында 10 қыркүйекте сағат 19.00-де өтеді.
Музыкалық шараны The Spirit of Tengri халықаралық мультимәдени жобасы ұсынады. Сахнада әлемге әйгілі этномузыканттар Қазақстанның электронды музыканттарымен бірлесіп өнер көрсетеді. Үш сағаттық шоудың бағдарламасы Венгрия, Грузия, Өзбекстан, Тыва, Таулы Шорияның және Қазақстанның танымал ұжымдарының, солистері мен dance-топтарының өкілдерінен тұрады: Zsombor Feher (Венгрия), Simi (Грузия), ABBOS (Өзбекстан), Radik Tyulyush (Тыва), Chyltys (Таулы Шория) және Steppe Sons (Қазақстан), отандық электрондық музыка өкілдері: AlmaLogic project (Нариман Исенов және Мирхат Катауов), DJ Kokonja, DJ Ruus және Edige, жеке орындаушылар - Layla-Qobyz, Nuketai, Айжан Бектұрған, би ұжымдары - АRTballet (Украина/Қазақстан), TUMОR dance group (Өзбекстан), Gzeba Georgian Dance (Грузия).
«Түрлі ұлттық мәдениеттердің, музыкалық-тарихи дәуірлердің, өнер түрлері мен музыканттар үндестігінің коллаборациясы ерекше жігер беріп, шығармашылық шабытқа бөлейді. Тәуелсіздік жылдары өмірге келген әрі есейген, музыкаға деген өзіндік көзқарастары бар электронды музыканттардың жас буыны алғаш рет үлкен сахнаға шығады. Барлық бағдарлама фестиваль үшін арнайы әзірленеді», – деді фестивальды ұйымдастырушылар.
Шоу нақты уақыт режимінде кең форматты LED-дисплейлер арқылы тұтас визуалды перформанс арқылы ұсынылады. Сондай-ақ фестиваль Tengri TV және The Spirit of Tengri-дің ресми YouTube арналарында онлайн көрсетіледі.
Еске салсақ, The Spirit of Tengri халықаралық мультимәдени жобасын 2012 жылы Tengri FM қазақстандық ұлттық радиостанция құрған болатын. Мақсаты – қазақстандықтар мен еліміздің қонақтарын Ұлы дала және бүкіл әлем халықтарының мұрасымен таныстыру. Жоба ұлттық ауқымдағы мәдени бренд мәртебесіне ие. Фестиваль барысында 80-нен астам елден келген 100-ден танымал музыканттар мен ұжымдар өнер көрсетеді. Ал оның қонақтары мен көрермендері – 120 мыңнан астам адам.
Дереккөз: Almaty.tv.