Алматыда экология жағдайына мониторинг жүргізетін онлайн-карта жасалды

16.02.2021

Экологиялық көрсеткіштердің онлайн-картасы мегополис тұрғындарына қоршаған орта жағдайы, атмосфералық ауа сапасы туралы кең мағлұмат береді.

Жоба Алматының экологиялық жағдайы туралы барлық мәліметтерді біріктіретін динамикалық платформа. Мониторинг стансалары әрбір 20 минут сайын онлайн режимінде ауа жағдайы туралы ақпаратты жүйеге беріп отырады. Мұндағы көрсеткіштер графиктер және сандық деректер түрінде беріледі. Рұқсат етілген шекті шоғырлану индикаторларының динамикасы көрсетіледі.

Станциялар атмосферадағы ластаушы заттардың көлемін, сондай-ақ ылғалдылық, температура, қысым, желдің бағыты мен жылдамдығын өлшейді. Рұқсат етілген шекті шоғырланудың кезеңдегі орташа мәні мен  орташа тәуліктік индикаторлары көрсетіледі.

Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған жобаның мақсаты – қарапайым азаматтарға, сарапшылар мен мамандарға онлайн форматта мәліметтер беру. Сонымен қатар жинақталған көрсеткіштер бойынша ауа сапасының өзгеруі мен басқа параметрлерді болжауға мүмкіндік беретін мәліметтер базасы құрылады.

Еске салсақ, қалада ауа сапасына мониторинг жүргізетін 10 станция бар. LED-экрандарға ақпарат шығарып, көрсеткіштерді онлайн-мониторинг порталының дерекқорына жіберетін тағы 10 датчик іске қосылады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі