Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада екінші модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы басталғанын айтты. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
«COVID-19-ға қарсы іс-қимыл шаралар аясында төсек санын арттырып, қуаттылықты күшейтуді жалғастырамыз. Бұл ретте 300 төсек-орынға арналған, оның 30-ы реанимациялық, екінші модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы басталды. Медмекеме медициналық газ жүйесімен, сондай-ақ КТ, УДЗ және рентген аппараттарымен қамтамасыз етілмек», – деді қала әкімі.
Госпиталь толығымен цифрлық негізде, яғни тексеру байланыссыз әдіспен, бақылау — бейнебайланыс арқылы жүргізіледі. Автоматтандырылған жүйе науқастың жағдайын жедел бақылауға, сондай-ақ «жасыл» және «қызыл» аймақтар бойынша қызметкерлердің қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі