Алматыда «COVID-19 вирусын жұқтырған науқастарды ауруханаға жатқызу және ауруды басқару моделі» таныстырылды

17.08.2020

COVID-19 вирусын жұқтырған науқастарды ауруханаға жатқызу және ауруды басқару моделі алдағы жағдайды болжау және ауруханаға жатқызу жүйесін басқару үшін жасалған.

Бағдарлама денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейіне негізделеді және науқастарды стационарларға дұрыс бөлуді көздейді. Бұл процесстегі негізгі реттеуші жедел медициналық жәрдем болып табылады, олар шақыру түскен соң-ақ аурудың ауырлық дәрежесін анықтап, егер аурудың жеңіл түрі болса науқастарды емханаларға жіберіп, ал инфекцияның күрделі түрі болған жағдайда ауруханаға жатқызуы керек.

Қазіргі уақытта Алматы қаласында 6000 төсек орын дайындалған, оны тағы 1000 төсек орынға арттыру жоспарда бар. Бұл ретте ауруды басқару моделіне сәйкес, денсаулық сақтау жүйесіндегі құлдырау (коллапс) кезінде тәулігіне 500 адам ауруханаға жатқызылуы мүмкін. Ал стационарлар 70% толық болғанда қатаң шектеу шараларын енгізу қажеттілігі туындайды.

«6000 төсек орын болғандықтан біздің міндет тәулігіне ауруханаға түсетін адамдар санын 350-ден артыққа жеткізбеу. Бұл өте маңызды, өйткені егер ауруханаға түскен науқастар саны көбейген кезде уақтылы шаралар қабылданбаса, онда жүйе құлдырауы (коллапс) мүмкін. Яғни, ауруханаға түсетіндер саны күніне 500-ге дейін жетуі мүмкін, бұған біз жол бермеуіміз қажет. Бұл стационарлардағы біздің әріптестеріміз үшін ауыр жүктеме болмақ және төсек орын резервтері, әрине, шексіз емес», - деп атап өтті Камалжан Надыров.

Стационарлардың қабылдау мүмкіндігін бақылау үшін ауруларды басқару моделі бойынша бір төсек ауысымы және бос төсек орын қорының тұрақты мониторингі жасалады. Сонымен қатар коронавирус инфекциясы бар науқастарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін төсек ауысымы айына 3 адам деңгейінде болуы керек.

Камалжан Надыров: «Стационарлар 70% толық болған кезде біз ауруханаға жатқызу деңгейін төмендетуге және ыңғайлы жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін қатаң шектеу шараларын енгізуге мәжбүр боламыз. Бұл стационарлық деңгейде сапалы емдеу мүмкіндігін береді. Дәл осы деңгейде шектеу шаралары ыңғайлы, бұл дегеніміз бизнестің тұтастай жабылмауына, бірақ белгілі бір шектеулер жағдайында жұмыс істеуіне  мүмкіндік береді. Яғни, экономикалық белсенділікті қалпына келтіреді», - дейді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі