Алматыда «Бюджетке қатысу» аясындағы үздік жобаларға дауыс беру басталды

12.11.2020

Ұйымдастырушылар алматылықтар өзі қалаған жобаға көбіне онлайн дауыс беріп жатқанын айтады. Мамандар әзірге Алатау мен Медеу ауданының тұрғындары белсенді атсалысып жатыр дейді. Ескерте кетейік, биыл екі жолмен дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, budget.open-almaty.kz порталы арқылы онлайн және аудандық әкімдіктерге немесе Open Almaty фронт-офисіне барып қағаз түрінде дауыс беруге болады.

«Барлық алматылықтарды өздері ұсынған жобаны белсенді қолдауға шақырамыз. Өйткені тек сонда ғана ол жүзеге асады. Оның үстіне бұл жобалар қаланы гүлдендіруге, ауланы көркейтуге, бос жатқан аумақтарды демалыс орнына айналдыруға, гүлзар мен саябақтар санын көбейтуге бағытталған. Егер өзіңізге онлайн дауыс беру ыңғайлы болса, онда «Бюджетке қатысу» жобасының сайтына кіру қажет. Онда дауыс беру өте оңай», – деді Алматы қаласын дамыту орталығының департамент директоры Әлия Жақсалықова.

Дауыс беру 23-і қараша күні аяқталса, 24-і күні мамандар кіл мықты атанған идеяларды іріктейді. «Бюджетке қатысу» аясында қалада тіркеуі бар тұрғындар бас-аяғы 3 жобаға өз дауысын бере алады. Ал жоба жүзеге асу үшін 10 баллдан аса жинауы керек. Сонда ғана идея қаржылай қолдау табады.

 

Ақпарат көзі: Almaty.tv