06.05.2021

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Akimat live бағдарламасының тікелей эфирінде көктемгі ағаш отырғызу жұмыстарының қорытындысы туралы айтты, оның барысында мегаполисте 8 мың Сиверс алма ағашы отырғызылған.

Қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере келіп, Б. Сағынтаев ағаш отырғызу және суару жүйелері туралы айтты. Бүгінде 50 мыңнан астам көшет отырғызылды. Оның 17 мыңнан астамы - өтемдік отырғызу, 21 мыңға жуығы - жобалық отырғызу. Отырғызылған ағаштарды күту кепілдік міндеттемелер есебінен жүзеге асырылады.

Биылғы көктемде ең көп ағаш – 8 мың Сиверс алма ағашы отырғызылған жердің бірі Көктөбе тауы. Мұнда барлығы 40 мың Сиверс алма ағашы отырғызылады.

Сонымен бірге Рысқұлов даңғылындағы бөлу жолағы бойында жолайрығынан Алғабас шағынаауданына дейін 650 қарағаш отырғызу жоспарланған. Бүгінде 300 көшет отырғызылды, егу маусымының соңына дейін тағы 350 түп отырғызылады.

Жетісу ауданының Көкжиек шағынауданында 8 450 ағаш отырғызылды. Бұлар бәйтерек, күміс терек, сондай-ақ жеміс ағаштары – «алтын керемет», «американка», «лимонка» сияқты алма ағаштары мен Никитин өрігі.

Алматы аудандарына емен, терек, талшын, мамыргүл, сәнағаш, қарағаш, қарағай, шырша сияқты әр түрлі ағаш түрлері отырғызылды.

Бұдан өзге Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының мамандары «Жасыл аула» акциясы аясында 109 мекенжай тұрғындарына 1500 жапырақты көшет таратты. Тұрғындар отырғызу және күту ережелері жазылған брошюралар алды, сонымен қатар отырғызылған көшеттерді күту жөніндегі кепілдік міндеттемелерге қол қойды.

Ағаш отырғызу барлық санитарлық нормалар мен маска режимін сақтай отырып жүргізіліп жатыр.

Бұрын хабарланғандай, 2020 жылы ағаштардың рекордтық саны - 282 мыңға жуық көшет отырғызылды (Алмалы ауданы - 2 133, Әуезов - 4 300, Алатау - 187 028, Бостандық - 9 293, Медеу - 21 331, Жетісу - 3 485, Түрксіб - 46 443, Наурызбай - 6 446). Ағаштардың басым бөлігі Жаңа Алматы аудандарында отырғызылды. Ағаштардың ассортименті ғылыми қоғамдастықпен, ландшафт сарапшыларымен бірге климат пен топырақ құрамына байланысты іріктелді. Мердігер ұйымдар оларды күтуді қамтамасыз етеді.

Бизнес қоғамдастықтардың немесе қала тұрғындарының бастамасымен ағаш отырғызылған жағдайда жасыл желекті кем дегенде екі жыл бойы күтіп ұстау міндетті шарт.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі