Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халыққа есеп беру кездесуі барысында Медеу ауданының тұрғыны спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесін қозғады.
«Біз қазір кешенді бағдармалар жасадық, яғни бұл – спорт кешендерін салу. Биылдың өзінде бюджет есебінен алты спорт кешені салынады. Бұдан бөлек жеке кәсіпкерлер де кешендер соғып жатыр. Екінші, ашық алаңдар жасалуда. Біз осы ашық алаңда балалардың спортпен шұғылдануы үшін тәжірибелі жаттықтырушыларды шақырып жатырмыз», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Жалпы биыл 10 спорт нысанының құрылысы жоспарланған, оның 6-уы жергілікті бюджет есебінен. Бұл 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, оның ішінде қала шетінде: Жетісу ауданының Айнабұлақ-2, Кемел, Құлагер ықшамаудандарында, Медеу ауданының Алатау ықшамауданында, Түрксіб ауданындағы Жас қанат ықшамауданында. Сондай-ақ Алатау ауданында жабық және ашық корттары бар теннис орталығы салынады. Құрылыс жұмыстары басталды, аяқталу мерзімі – 2021 жыл.
Сонымен қатар биыл орта мектептердің 52 стадионын жаңарту жоспарланған.
Балаларды тегін спорт секцияларымен қамтуды арттыру үшін Мектеп спорты федерациясымен бірлесіп қала мектептерінде спорт клубтарын ашу жұмыстары жүргізілуде. «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплині кешені 2-ші кезегінің құрылыс-монтаждау жұмыстары, «Жаңа Алматы» бағдарламасына сәйкес спорт секцияларын кеңейту жұмыстары жүргізілуде, оның басымдықтары Наурызбай, Алатау, Түрксіб және Жетісу аудандарының тұрғындары үшін спорттың қолжетімділігі болып табылады.
Атап өтерлігі, үстіміздегі жылы қала балаларын спорт, мәдениет және мектептен тыс қосымша білім берумен жаппай қамту үшін 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді, ол Алматы қаласының білім, спорт, мәдениет, қоғамдық даму, қоғамдық денсаулық басқармаларының бірлескен шаралар қабылдауын көздейді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі