Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі (НКИ) 118%-дан асты, ал өндіріс көлемінің үлесі 328,4 млрд теңгеге тең. Машина жасау жоғары қарқынмен дамып жатыр. Көрсеткіш 5 еседен астамға өскен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мәлім етті.
Онлайн-брифингіде Еркебұлан Оразалин өңдеу өнеркәсібінде қарқынды өсім сақталып отырғанын айтты. Өңдеудің нақты көлемінің индексі 124,9%-ды (254,3 млрд теңге, үлесі — 77,4%) құрады және республикадағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады, бұл машина жасау саласының өсуімен байланысты. Бұл көбіне «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС зауытының арқасында.
Е. Оразалиннің айтуынша, полиграфиялық қызмет 26,3% («РПИК ДӘУІР» ЖШС, БФ РМК — мемлекеттік тапсырысты ұлғайту), резеңке және пластмасса бұйымдары 54% («Торгстрой» ЖШС, «Техновид» ЖШС — құрылыс ұйымдарынан пластмасса және полиэтиленнен жасалған бұйымдарға тапсырыс), өзге де металл емес минералды өнімдер 18,8% («АЗМК» ЖШС, «Конкрид» ЖШС-бетон және цемент), дайын металл бұйымдары 2 есе («Казферросталь» ЖШС, «Техновид» ЖШС — «Stynergy» — арматура), химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 24,3% («Аврора» ЖШС, «Alina Group» ЖШС» — лак-бояу өнімдеріне тапсырыс), жеңіл өнеркәсіп 80,6% («Казлегпром» ЖШС, «Жетісу» ЖШС-жұмыс киімдеріне тапсырыс) өскен.
Сонымен бірге Еркебұлан Оразалин Алматы қаласының сауда саласы жайлы айтып өтті. Бірінші тоқсанда тауар айналымы 2984,1 млрд теңгені құрады. Оның ішінде бөлшек саудадағы тауар айналымы 801,2 млрд теңге.
«Алматыда компьютерлер, фармөнімдер, құрылыс материалдары, автомобильдер, киім–кешек пен аяқ киім сатылымының өсімі байқалады», — дейді әкімдік басқармасының басшысы. Бұдан басқа құрылыс материалдарын сату 5,4%-ға, автомобильдерді сату 3,3%-ға, кең ассортиментті тауарларды сату 8,7%-ға ұлғайды.
Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, пандемия Алматыда интернет-сауданың дамуына серпін берді. Қала тұрғындары тауарларды сатып алудың осы түріне көбірек жүгінуде. Сонымен қатар онлайн-сауданың барлық салаларында — киім мен спорт тауарларынан бастап тұрмыстық техникаға немесе азық-түлікке дейін дамып келеді. Жалпы интернет арқылы сатып алудың жиілігі өскен. Пандемия кезіндегі шектеу шаралары цифрлық трансформацияны және онлайн-сатылымға көшуді едәуір жеделдетті, тіпті бұрын офлайн сұранысқа шоғырланған кәсіпкерлер де интернет арқылы сатуда.
Сонымен қатар Алматыда көтерме сауда, әсіресе азық-түліктік емес тауарлар саудасы өседі деген болжам жасалып отыр.
«Қазіргі уақытта оң динамика сақталуда және сауда саласында одан әрі өсу болжануда. Өсуге әсер етудің негізгі себебі – қазіргі уақытта сауда нысандары үшін жеңілдіктердің қабылдануы, сондай-ақ киім, аяқ киім сияқты азық-түлік емес тауарларға маусымдық сұраныстың болуы. Соның негізінде бөлшек саудада 4%-дан астам, оның ішінде азық-түлік тауарлары бойынша 1,6%-ға, азық-түлік емес тауарлар бойынша 5,2%-ға өсім болжануда», — деді Еркебұлан Оразалин.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі