Алматыда балалардың жазғы лагеріне бюджеттен 270 млн теңге қарастырылуда

30.05.2022

Мектеп жанындағы жазғы лагерь екі бағытта қабылдайды. Тамақпен толық күн және тамақсыз жарты күн. Екеуі де тегін. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов мәлім етті.

Спикердің сөзінше, мектеп жанындағы лагерь оқушыларды 1 маусымнан бастап қабылдайды. Балаларды қамту жасы 7-13 жас.

«Жоспар бойынша, мектеп жанындағы лагермен 26 мың бала қамтылады. Ол екі бағытта жүзеге асады. Тамақпен толық күн және тамақсыз жарты күн. Барлық оқушы үшін екеуі де тегін»,- деді Қайрат Жұманов.

Сонымен қатар ол балаларға арналған қалалық және қала сыртындағы жазғы лагерлер туралы айтты.

«Қала сыртындағы жазғы демалыс бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ коммерциялық негізде ұйымдастырылады. Сауықтыру демалысы, ең алдымен, халықтың әлеуметтік осал санатындағы балалармен қамтылатын болады: көпбалалы, аз қамтылған отбасылардағы, ерекше білім беруді қажет ететін балалар. Ол үшін бюджеттен 270 млн теңге қарастырып отыр. Бүгінгі күні конкурс жарияланды. Жалпы 33 мыңнан астам баланы қамту көзделген»,- деді спикер. Бұдан бөлек жазғы демалыс кезінде білім беру ұйымдарында барлығы 1200-ге жуық үйірме мен секция жұмыс істейтін болады.

 

 

 

Дереккөз: inform.kz