Алматы қаласының білім беру сапасын қамтамасыз ету Департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Омарова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау шаралары туралы айтып берді.
Білім беру сапасын қамтамасыз ету Департаментінің өкілі жыл сайын оқушылардың жазғы каникулы басталысымен еліміз бойынша 1-12 маусым аралығында «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқан өтетінін хабарлады. Өтетін іс-шаралар аясында білім беру органдарының өкілдері, полиция қызметкерлері кәсіпкерлерге кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тарту жазаланатынын еске салатын болады.
«18 жастан кіші кәмелетке толмағандар түнде жұмыс істей алмайды, оларға үлкен физикалық жүктеме түсіретін жұмысты тапсыруға болмайды. 16 жасқа дейін еңбек шартына ата-аналардың бірі қол қоюы керек. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес 14-16 жастағы балалар аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жастағы жасөспірімдер 36 сағаттан артық жұмыс істемеулері тиіс», - деді Гүлдана Омарова.
Сөзін жалғастырған Департамент өкілі дағдарыс оқиғасы туындай қалса, балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ олардың отбасылары Департаменттің 225-18-80 нөмірлі «жедел желісіне» қоңырау шала алады деді.
«Егер сіз балалардың денсаулығына, қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін жұмыстарға тартылғанын білсеңіз, оған немкетті қарамай, тиісті құзырлы органдарға бірден хабарлағаныңыз жөн. Өйткені, бала денсаулығы оның құқығын қорғау - бәріміздің ортақ ісіміз», - деді Г. Омарова.
Бұдан өзге, Гүлдана Омарова 2019 жылы Телеграмм мессенджерінде «Bala Qorgay» чаты құрылғанын хабарлады. Ол кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық немесе қатыгездік фактілерін тіркеуге арналған. Каналды ашу бастамасы Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне тиесілі. Оған қосылу үшін қосымшада bala_qorgau деп теру керек.
«Өткен аптада «Bala Qorgay» чатына 63 сұрақ түсті. Шұғыл әрекет ету шаралары қабылданды. Мысалы, ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаға көмек көрсетілді», - деді Г. Омарова.
Бұл ретте келіп түскен мәселелердің негізгі бөлігі құқықтық ақпараттандыруға қатысты. Кері байланыс тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі