Алматыда білім саласына қатысты халықаралық конференция өтіп жатыр

20.04.2022

Конференцияға Қазақстан мен Ресейден келген ғылым докторлары, академиктер, профессорлар, ғалымдар және білім беру мекемелерінің тәжірибеші мамандары қатысып жатыр.

Алматыда «Қазақстан Республикасында білім беру үдерісіне қатысушыларға тиімді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудегі тәжірибелік технологиялар» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр.

Конференцияның мақсаты: балалар мен жасөспірімдердің аутодеструктивті мінез-құлқысының алдын алу, балалардың өмір сапасын жақсарту бойынша іс-шараларды уақытылы іске асыру, оқушылардың өмірге төзімділігін және сабырлылығын қалыптастыру, әлеуметтік осал жағдайдағы жасөспірімдер мен отбасыларға жеке кешенді көмек көрсету мақсатында, білім басқармаларының әдіскерлері мен мамандарының, мектептер педагог-психологтарының, ювеналді полиция инспекторларының кәсіби құзыреттерін арттыру, оларды оқыту және сүйемелдеу.

Конференцияға Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева, Қазақстан Республикасындағы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин, Қазақстан Республикасы білім және ғылым вице-министрі Ғани Бейсембаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова және Қазақстан мен Ресейден келген ғылым докторлары, академиктер, профессорлар, ғалымдар және білім беру мекемелерінің тәжірибеші мамандары қатысып жатыр.

Бүгін конференцияның пленарлық отырысының шеңберінде мына тақырыптар бойынша баяндамалар ұсынылады:

1. «Қазақстан біліміне инновациялық психологиялық-педагогикалық технологияларды енгізу – қажеттілік және болашақ буындардың дамуына кепіл»

2. «Білімнің цифрлану заманында жеке тұлғаның қалыптасуы»

3. «Білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарындағы педагог-психологтардың кәсіби құзыреттерін арттыру туралы»

4. «Бозбалалар арасындағы суицидтер. Тәуекел факторларын талдау» және т.б. (бағдарлама қоса тіркеледі).

Қазақстанның жетекші психологтары эмоциялық зият дағдыларын қолдану, ерекше оқу қажеттіліктері бар оқушылар мен балаларға арналған бейне сабақтарын қалыптастыру бойынша мультимедиялық бағдарламаларды пайдалану, жасөспірімдердің жеке білім кеңістігін құру, т.б. жөнінде тәжірибемен бөлісу бойынша шығармашылық зертхананың шеберлік класстарын өткізеді.

Айта кетейік, конференцияны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қаласы Білім беру басқармасының қалалық Білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырып жатыр.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.