Алматыда азық-түліктің жекелеген түрлеріне шекті баға жыл соңына дейін енгізіледі

29.10.2020

Мамандар жиі мониторинг жүргізіп, шаһардағы ірі сауда желілеріндегі өнімдер құнының тұрақты болуын қадағалап жүр. Алайда базарлар мен шағын дүкендердегі сатушылар қалтаның қамын күйттеп, ойдағы бағаны қоятын көрінеді. Оған келген тексерушілер көз жеткізді.

Нан, қарақұмық, макарон, сүт және сол сияқты 15 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауар. Бұл тізімге халыққа аса қажетті азық-түлік өнімдерінің түрі кірген. Бірінші қажеттіліктегі тауарлар бағасының аспандап кетпей, тұрақты болуы үшін әкімдік өкілдері жиі тексеру жүргізеді.

Ескертпей келетін тексерістер сауда орталықтарымен қатар базарларда да жасалады. Өйткені онда бағаны қадағалау қиынырақ дейді мамандар. Кейде сатушылар бірден бағаны көтеріп жібереді. Мәселен, мына базарда қиярдың бір келісі 500 теңгеден саудаланған. Бірақ баға көрсеткішінде мүлде басқа құн көрсетіліпті.

Осындай деректі көрген мамандар сатушылармен бірден түсіндірме жұмысын жүргізіп, жауапкершілік туралы жеткізеді. Өз кезегінде, саудагерлер баға тауар жеткізетіндерге байланысты көтеріледі деп бастарын ала қашады. Ал мұндай жағдайға қала әкімдігі қашанда дайын. Олардың қолында шаруалардың тізімі бар. Сондай-ақ тиімді жолмен қарыз алуға болады. Оны сатушылар айналымға салып, тек кейін азық-түлік өнімдерін шекті бағамен сатуға тура келеді.

«Осындай қолға алынған шараның арқасында 3 ай бойы азық-түлік бағаларын ұстап тұрдық. Бүгінде тағы қосымша құнды көтермеу турасында келісімшарттар жасалды. Енді 10 тауар түрі бойынша ірі сауда нүктелерінде жыл соңына дейін баға тұрақты болады», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова.

Мамандар ары қарай да тексерістерді жалғастыра бермек. Өйткені пандемия кезінде бұл маңызды дейді. Елдегі қиын жағдай кезінде алыпсатарлыққа жол жоқ.

Ақпарат көзі: Almaty.tv