06.01.2023

Оңалту орнындағы қызметкерлер арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейді.

Алматыда ауыр жағдайдағы науқастарға арнап орталық ашылды. Яғни ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерді бір орынға жиған ана – оларға жаңа мүмкіндік сыйлап отыр.

Балаларды оңалту орталығының басшысы Рымгүл Өтепованың негізгі мамандығы – заңгер. Баласының церебралды параличке шалдыққанын білген соң, тиісті көмек пен қажетті ем-домды жан-жақты іздестіреді. Сүйтіп жүріп, дәл өзіндей ананың көптігін көрген. Мұндай орталықтың ашылуына осы жағдай түрткі болған екен.

«Оңалту орнында аналарға да жағдай жасағымыз келді. Ерекше күтімді қажет ететін балаларды бағу да оңай емес. Сондықтан, мамандарымыз балаға жаттығу жасатып жатқанда, аналар төменде болады. Бұл уақыт бізге психологиялық көмек беру үшін жеткілікті. Медициналық, заңдық қолдау бар, бірақ ең алдымен ана мен баланың моральдық жағдайына мән беру – маңызды», – деді қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Рымгүл Өтепова.

«4 желтоқсанда балама ота жасатып келдім. Оңалту орталығына туғалы бері келіп жүрміз. Әр балаға ерекше күтім жасайтындары, мамандардың өз ісін мықты білетіні ұнайды. Мұндай жағдайдағы баланы аяудың қажеті жоқ, оны жақсы көру керек. Бұл жерде біз сол махаббатты сезінеміз», – деді ата-ана Гүлжан Асанжанова.

Қазір оңалту орнындағы қызметкерлер арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Яғни, олардың патенттелген, авторлық ем-домы бар. «Бірнеше маманның бір уақытта бір баламен жұмыс істеуі – нәтиженің де тезірек көрінуіне көмектеседі» дейді орталық өкілдері.

«2022 жылдың статистикасы бойынша Қазақстанда 742 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдар тіркелген. Оның 175 мыңы бала. Мақсатымыз – біздің орталығымызда осындай балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға психологиялық, заң аясында жан-жақты көмек көрсету. Қазақстан бойынша 160-тан астам уатсап чаттар бар. Олар ақпараттық қызмет атқарады», – деді Ерекше балаларды тәрбиелейтін ата-аналар одағының басшысы Рауан Сағадиева

Ең бастысы – мұнда келген балалар 16 түрлі диагноз бойынша ем қабылдай алады. Бүгінге дейін 1500-ден аса балдырған осы оңалту орталығының көмегіне жүгініпті. Өзге өңірден келетіндердің саны көп.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.