Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте арық желілерін түгендеу нәтижелері қаралды, оның қорытындысына сәйкес арықтарды абаттандыру және жауын суын ағызу бойынша кешенді шаралар қабылданады.
Арық желілерін түгендеу қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша жағдайдың өзектілігі, қолданыстағы арық желілері мен жауын кәріздерінің карта-сызбасын әзірлеу мақсатында жүргізілді. Сондай-ақ жасыл желектерді сумен қамтамасыз етудің және жауын суын ағызудың кешенді шараларын әзірлеу міндеті қойылды.
Түгендеу нәтижесінде арық желілерінің жалпы ұзындығы 1523 км құрады. Соның ішінде аудандық әкімдіктер еншісінде - 1138 км, аулалар аумағында - 245 км, саябақ аймақтарында - 60 км. 424 шақырым арық желілері жөндеуді немесе реконструкциялауды қажет етеді. Суару үшін 168 км арық қолданылады.
Нысандардың төлқұжаттары бойынша геодеректер базасы жасалды, түгендеу карталарының кешені, сондай-ақ арық желілері мен жауын кәріздерін абаттандыру бойынша ұсынымдар әзірленді.
Алматының арық жүйесі маңыздылығы бойынша көпсалалы және жасыл желектерді суаруға әрі жайлы микроаухал құруға арналған.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі