07.12.2021

Қазақстанда білім берудегі жаңа технологиялар бойынша әлемдегі ең ірі конференциялардың бірі EdCrunch Glocal өтуде. Жоба 8 жыл бұрын құрылған сәттен бастап алғаш рет Алматы қаласының алаңында ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге орайластырылуда.

Сондай-ақ іс-шараға Мәскеу, Тель-Авив және Сингапурдағы жергілікті студиялардың спикерлері арнайы интерактивті edcrunch.online алаңына қосылады.

Конференция бағдарламасы «Балалардың ерте дамуы»; «XXI ғасыр мектебі және дағдылары»; «Цифрлық университет, корпоративтік оқыту», «EdCrunch Stage, EdTech нарық және инвестициялар»; «EdCrunch Night – edutainment event (білім беру шоуы)» атаулы тректерден тұрады.

Конференцияның негізгі тақырыбы – «Жаңа білім беру тәжірибесін жобалау» (Learning experience design). Жобаға 25 елден 400-ден астам спикер қатысуда және олар екі күн ішінде 150 сараптамалық сессия, панельдік пікірталастар мен шеберлік сабақтарын өткізеді. Спикерлер педагогикалық дизайн саласындағы озық тәжірибелерімен бөліседі, білім беру саласының болашағы және жаңа технологиялардың әсері, білім беру саласындағы ғылым жетістіктері мәселелерін талқылайды.

«Біздің қаламыз жаһандық сын-қатерлер мен трендтер арасында өмір сүріп жатыр: бір жағынан, еңбек нарығының өзгеруі, кадрлардың кетуі, урбанизация, экология мәселелері, екінші жағынан – жаңа технологиялар, цифрландыру, жаңа энергетика және халықтың күтуінің артуы. Алматы әлемдік қалалармен ғана емес, еліміздің ішіндегі қалалармен де адами капитал үшін күресуде. Біз жастарымыздың кетіп қалмауына және қаламызда жайлы өмір сүруіне жағдай жасаймыз. Оған не кедергі? Меніңше, өзгерістерге қарсылық білдіру. Бұл, біріншіден, біздің көптеген білім беру ұйымдарының әлі күнге дейін қалыпты ұйымдық құрылымның жолынан шыға алмау қиындығымен байланысты. Мұра болып қалған ұйымдық құрылым білім беру қызметімен мазмұн мен форма тәрізді байланысты. Жаңа ережелер дәстүрлі ұйымдастырушылық құрылымға сүрініп өтеді. Патерналистік көзқарастар, белсенділік пен креативтілік емес, дәстүрлі орындаушылық мәдениет әлі бар. Жеке табысқа да, қаланың инновациялық дамуына да бағдарланған кәсіпкерліктің жаңа мәдениетін қалыптастыру мәдениет саласы үшін де, білім беру үшін де міндет болып отыр», - деп атап өтті өз сөзінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Rixos Almaty қонақүйінде өтіп жатқан офлайн форматтағы конференцияға 1000-нан астам адам қатысуда. Олардың ішінде: Сколково басқару мектебінің практика профессоры Павел Лукша, Fincraft Group холдингінің президенті Кеңес Рақышев, режиссер-сценарист, технологиялық кәсіпкер, Bazelevs кинокомпаниясының негізін қалаушы Тимур Бекмамбетов, LX Design пионері, «білім беру тәжірибесін жобалау» терминінің авторы, LXD Canvas конференциясының бағдарламалық директоры Нилс Флор, Tan Media Group иесі Арманжан Байтасов, «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова, «Яндекс» білім беру жобаларының продюсері Анастасия Чуковская, UWC Dilijan College Директорлар кеңесінің төрағасы Вероника Зонабенд, Lancaster Group директорлар кеңесінің акционері және төрағасы Берік Каниев, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, «Aitas KZ» холдингінің басшысы Серік Толықпаев және тағы басқалар. Конференцияның басында құпия қонақ ретінде классикалық музыканы дәріптеуші, кеңес-швед дәріскері және музыкатанушы Михаил Казиник болды.

«Технологиялар әлеуметтік институттарды да күрт өзгертеді. Бұл трендтер білім беруді айналып өте алмайды. Сарапшылардың пікірінше, жақын арада Edtech нарығы қазіргі 227 миллиард АҚШ долларынан бірнеше есе өседі. Біздің қазақстандық сегмент соңғы жылы қарқынды өсу кезеңін бастан кешуде. Соңғы 2 жылда көп нәрсені қайта қарастыруға тура келді. Білім беру платформалары, ZOOM, Teams онлайн-сабақтары – осының барлығы әрбір қазақстандық оқытушының тәжірибесіне жылдам енді. Қазақ тіліндегі контент ұлғаюда: контентті жергілікті EdTech компаниялары өз бетінше де әзірлеп, үздік халықаралық ақпаратты да бейімдеуде. Біз цифрлық дағдылардың төмен деңгейінде болсақ та, қиын жағдайларда тез қалыпқа келдік, қазір офлайнға шыққанмен, аралас форматтамыз. Бір нәрсе анық – біз пандемияға дейін болған әдеттегі білім беру жүйесіне қайта оралмаймыз», - деп атап өтті ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің алғысөзінде.

Сондай-ақ онлайн-форматта Конференцияға мына спикерлер қатысады:

- Пало-Альто орта мектебіндегі медиаөнер бағдарламасының негізін қалаушы, «Табысты адамды қалай тәрбиелеу керек» әлемдік бестселлерінің авторы, Google кеңесшісі, үш қыздың анасы (олардың екеуі Youtube және 23andMe жеке геномика компанияларының бас директорлары, ал үшіншісі – танымал педиатр-дәрігер) Эстер Войджицки баланы кішкентай кезінен жетістікке қалай жетелеуге болатындығы туралы кеңес береді. Ол өзінің педагогикалық тәсілін беске бөліп қарастырады: өз-өзіне сену, өз-өзін құрметтеу, дербестік, ынтымақтастық, ақжүректік.

- Нью-Йорк университетінің нейрондық ғылымдар және психология профессоры, «Миға ғашық болған қыз» бестселлерінің авторы, әлемге әйгілі нейробиолог, «Оңтайлы мазасыздық» кітабының авторы Венди Сузуки жағымсыз эмоциялардың күшті жақтарын қалай қолдану керектігін талқылайды және мазасыз сезімдерді қалай өнімділікке өзгертуге болатындығын түсіндіреді. Сонымен қатар, тамақтану мен физикалық белсенділік, жас пен жыныстық қатынас, әлеуметтік желі мен технологиялардың мидың жұмысына қалай әсер ететінін талқылайды.

- Білім беру саласындағы әлемге әйгілі сарапшы, Гарвард университеті жанындағы инновациялық білім беру бағдарламалары орталығының ғылыми қызметкері, «Инноваторларды жасау: әлемді өзгертетін жастарды қалай тәрбиелеу керек» бестселлерінің авторы, «Табысқа жетеленгендер» және «Финляндия феномені: әлемдегі ең ғажайып мектеп жүйесі» атты танымал деректі фильмдердің авторы Тони Вагнер инноваторлар буынын қалай тәрбиелеу керектігін айтып береді. 2021 жылы ол Better World Ed атты дүниежүзілік әлеуметтік-эмоционалды даму бастамасы және оқу жоспарына қосылды.

Конференцияның бағдарламалық директоры және «МИСиС» ҒЗТУ орталығының директоры Нурлан Киясовтың айтуынша, EdCrunch мақсаты тиімді оқыту арқылы әркімге өзін-өзі дамытуға қолдау көрсету болып табылады.

«Біз мұғалімдер мен саясаткерлерден бастап, көрнекті зерттеушілер мен бағдарламашыларға дейінгі әлемнің үздік сарапшыларын бірегей идеялары мен жаңалықтарын кең аудиторияға жеткізуге шақырамыз. Ең керемет идеялар университет қабырғасымен, сынып аясымен немесе кітап сөрелерімен ғана шектеліп қалмауы керек. Оларды қолдап, бөлісіп, талқылап және қабылдау мен дамыту қажет. Инвесторлар мен құрылтайшылар, саясаткерлр мен филантроптар, оқытушылар, студенттер және білім беру тәжірибесіне қызығушылық танытқандар EdCrunch Glocal-да болуы керек», - деді Нурлан Киясов.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар әртүрлі салаларда практикалық тәжірибе алып, келесі сұрақтарға жауап таба алады: мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ерте даму әдістемесін қалай таңдау керек, олардың алуан түрлілігінде қалай шатасып кетпеуге болады; сандық технологияларды бағындыру жолдары мен гаджеттерді балалар қабілеттерінің акселераторына айналдыру; EdTech компанияларының сапаны жоғалтпастан бизнесті масштабтауы; мектеп жасына дейінгі балалардан бастап, үздіксіз білім деңгейіне дейінгі жобаларға инвестиция тарту және оларды әртүрлі білім беру жүйелеріне тиімді енгізу жолдары.

Сондай-ақ спикерлер келесі тақырыптарды талқылайтын болады: дауыстық көмекшілерден бастап, жасанды интеллектке дейінгі білім берудегі жаңа технологиялардың әлеуеті; постковидтік кезеңдегі мектеп білімінің революциялық форматтары; нейробиологияны максималды тиімділіктің негізі ретінде қарастыру; медиа, ойын-сауық, спорт салаларындағы білім беру кеңестері мен EdTech-тегі жаһандық және жергілікті трендтер.

Мемлекеттік білім беру ұйымдарының өкілдері үшін қатысу әдеттегідей тегін болады.

EdCrunch Glocal шарасының ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Алматы қаласының әкімдігі, Назарбаев Зияткерлік мектептері. Бас серіктестер – Eurasian Resources Group (ERG), «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры, «Алматыкітап баспасы», «Саби» Қайырымдылық қоры, «RAMS Qazaqstan» құрылыс компаниясы, First Heartland Jýsan Bank, «Аitas KZ» холдингі, «Фонд устойчивого развития сельских территорий» және «Fizmat Endowment Fund» қоғамдық қоры.

Анықтама үшін:

Бірінші EdCrunch конференциясы 2014 жылы Мәскеуде «МИСиС» ҰЗТУ-дың қолдауымен өтті. Хедлайнері Coursera негізін қалаушы Дафна Коллер болды. Іс-шараға 1 500 адам қатысты. Бірінші конференцияның күн тәртібі цифрлық технологиялар мен жоғары білім берудегі жаңа тәсілдерге баса назар аударды. Келесі жылдары EdCrunch білім берудің басқа да деңгейлерін (мектепке дейінгі, мектеп, жоғары, корпоративті және EdTech стартаптарына арналған бағытта) ауқымды қамтыды. Бүгінде Конференция аралас форматта: көзбе-көз және әлемнің бірнеше елінің онлайн-студияларының қосылуымен өтеді.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.