01.04.2022

Шаһар басшылығы азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар шара қабылдады.

Елімізде азық-түлік бағасы шарықтап кетті. Республика бойынша қымбаттаған өнім тізімін қырыққабат бастап тұр. Бір аптада оның құны 11 пайызға өскен екен. Сондай-ақ пияз, қант, картоп пен сәбіз де айтарлықтай қымбаттаған. Бұл туралы Үкімет басшысының кеңейтілген отырысында белгілі болды.

Биыл елімізде азық-түлік бағасының қымбаттауы ерекше байқалды. Күнделікті тұтынатын өнім құнының шарықтауы қалтамызды қақты дейді көпшілік. «Картоп, пияз, бәрі қмбаттап кеткен. Алма да жергілікті өнім болғанымен, бағасы қымбат», «250 теңгеден еді, қазір 400 теңге болды. Қырыққабатты биылғы өнім деп сатып жптыр, өтірік пе, шын ба, білмедім», «Жартылай ащы бұрыш қатты қымбаттаған, өйткені сырттан келеді, бағасы 3 мың теңгеге дейін барды», - дейді тұрғындар.

Қазір базарларда банан 800 теңгеден сатылып жатыр. Ал алманың бағасы 500-550 теңгенің аралығында. Сатушылардың айтуынша, бір ай бұрын алманың көтерме бағасының құны 300 теңгеден болыпты. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кіретін картоп 250-270 теңгенің аралығында саудаланып жатыр. Пияз – 220, ал сәбіз 270 теңгеге дейін барады.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы жер-жерде әлеуметтік орындар ұйымдастырған. Сәйкесінше, мұнда көпшілікке ұсынатын өнім әлдеқайда арзан. Бұл кәсіпкерлер арасында бәсекелестік тудырады дейді мамандар.

«Мынау әлеуметтік дүкен, осы жерден алып тұрамыз. Сәбіз бір қатарда 270 теңгеден болса, тағы бір жерде 170-180 теңгеден. Басқаларға қарағанда мына жер арзанырақ», - дейді сатып алушы.

Сала мамандары жыл басынан бері көкөніс бағасы 10,9 пайызға өскенін айтады. Бұл маусымаралық кезеңде жылда қайталанатын жағдай дейді. Тамақ өнеркәсібімен айналысатын алыс-жақын елдімекендермен ұзақ мерзімге дейін келісімшарт жасалған. Соның нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы өспей, тұрақты сақталады дейді жауаптылар.

«1 қаңтардан 1 сәуірге дейін келісімге қол қойылған. «Тоймарт» желісі осы жылдың қаңтар айынан басталды. Бүгінгі таңда оны тағы да созу бойынша күзге дейін келісімшартқа қол қойылды. 30 қазанға дейін келісімшарт бар. Осы аралықта баға өзгермейді. Бүгінгі таңда сауда желілерінде және базарлардың ірі қоймаларында бірнеше айға жететін қор бар», - деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Рақымжан Әлімжанов.

Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түрінің бағасына тұрақты мониторинг жүргізіп отырады. Салаға жауаптылар қалада көпшілікті біраз даурықтырған қант та жеткілікті дейді. Сауда желілері мен базарларға 2 жарым мың тонна шекер жеткізіліпті. Одан бөлек, тағы 7 мың тонна қант жеткізу жоспарланған.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.