15.05.2023

1 шілдеден бастап АХАТ бөлімдерінің функциялары »Азаматтарға арналған үкімет » Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға беріледі. Жаңашылдық АХАТ бөлімдерін жабуды  көздемейді, олар тиісті құзыретімен ХҚКО-ларда орналасатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Әділет департаментінің өкілдері айтты.

ХҚКО-ларда азаматтық хал актілерін тіркеуге байланысты мемлекеттік қызметтердің барлық түрлері көрсетілетін болады.

«Осылайша, азаматтардың барлық мемлекеттік қызметтерді бір жерден »бір терезе» қағидаты бойынша алу мақсатында барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары бірыңғай жүйеге біріктірілген«, - деді Алматы қаласы Әділет департаментінің Тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімі басшысының м.а. Жанар Бейсенова.

Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге мына функциялар жатады:

- тууды, неке қию және бұзуды, өлімді мемлекеттік тіркеу;

- акт жазбаларына өзгерістер, толықтырулар, түзетулер енгізу, оның ішінде атын, әкесінің атын, тегін өзгерту, әкелікті (анасы екенін) анықтау, бала асырап алу;

- азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру және жою;

- бастапқы және қайталама куәліктерді, анықтамаларды электрондық нұсқада немесе қағаз түрінде беру.

Сонымен қатар, атап өтілгендей, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу қызметтеріне ақы төлеу бойынша өзгерістер енгізілді. Азаматтық хал актілерін тіркегені үшін төлемақы мөлшерін Мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган айқындайтын болады.

Сондай-ақ, азаматтардың кейбір санаттары азаматтық хал актілерін тіркеу қызметтері үшін төлемақыдан босатылды.

Сонымен қатар, Департамент жеке өмір, жеке және отбасылық құпия заңмен қорғалатынын атап өтті. Сондай-ақ азаматтардың жеке және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария еткені үшін жауапкершілік бар екенін еске салды.

«Тіркеуші органдардың қызметкерлері асырап алушының келісімінсіз асырап алу туралы қандай да бір мәліметтерді хабарлауға және асырап алушылардың асырап алынған баланың ата-анасы болып табылмайтындығы туралы ақпаратты қамтитын құжаттарды беруге құқы жоқ. Бұл өте сезімтал мәселе қатаң бақылауда«, - деп қорытындылады Алматы қаласы Әділет департаментінің Тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің жетекші маманы Сара Мурзиева.

 

 

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі