02.03.2021

Қазақстандық алғашқы ауқымды сыйлықтың лауреаттары арасында күрделі жағдайда ерлік көрсеткен алматылықтар да бар.

Салтанатты рәсімге Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып, қала тұрғыны Дәурен Рымқұловқа марапатты табысты етті. Ол өрттен алты адамды, соның ішінде балаларды құтқарып қалған еді.

Б. Сағынтаев қаһармандардың арамызда жүргенін және Adam Bol Awards сыйлығы олардың жасаған ерлігін бүкіл әлемге паш етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Сыйлық лауреаттарының әрқайсысы құрметке лайық әрі қоғамға қызмет етудің, жанқиярлық пен батылдықтың үлгісі», — деп атап өтті Алматы әкімі Б. Сағынтаев.

Лауреаттар арасында Алматы тұрғыны, хайуанаттар құқын қорғаушы Сергей Снегирев те бар. Ол өртенген ангардан 22 итті алып шықты, бірақ өзі көмірқышқыл газымен уланып, ауруханаға түскен.

Қиын жағдайда көмек қолын созып, жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен бірқатар қазақстандықтың ерлігі атап өтілді.

Қазақстандық алғашқы ауқымды Adam Bol Awards сыйлығы өмірде ерлікке әрдайым орын бар екенін өз ісімен шынайы көрсете білген адамдарға арналған. Жалған кейіпкерлер өздерінің жалған құндылықтарымен жаңа шындықты құруға тырысқан мына заманда шынайы ерлік пен қаһармандықтың үлгісі қашан да биік тұрады.

Жобаның құрылтайшысы — қоғам қайраткері, «Жандану әлемі» қайырымдылық қорының негізін қалаған Әлия Назарбаева. Ол сонымен қатар қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорының негізін қалаушы, Қазақстан Республикасы Экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрайымы, «Ұлттық балалар әндерінің «Бала дауысы» жобасының авторы.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі