12.04.2022

Көпірдің екі шетіне бір жолақтан қосылады.

Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы көпір кеңейеді. Жоба бойынша көпірді айналып өтетін жол жасалуы керек. Әл-Фарабидегі Есентай өзені арқылы өтетін көпір — даңғылдың ең «тар» бөліктерінің бірі. Сондықтан мұнда үнемі кептеліс болады. Оны кеңейту туралы идея шенділердің ойында бұрыннан жүрген, алайда іске асыратын уақыт енді келген сияқты.

Қалалық мобильділік басқармасының мамандары тиісті құжат 2022 жыл соңында дайын болатынын айтты. Жобаға қатысты нақты ақпарат жоқ, дегенмен көпірдің екі шетіне бір жолақтан қосылуы мүмкін. Қала билігі Абай даңғылындағы көпірді солай кеңейткен. Жоба жасаушыларға берілген тапсырмада көше бойындағы жасыл желекке барынша зиян келтірмеу, сонымен қатар көлік қозғалысын қазіргі схемаға сай ұйымдастыру қажеттігі жазылған. Басқаша айтқанда, құрылыс орнын айналып өтетін жол салынуы керек. Бірақ оны айналып өтетіндей орын жоқтың қасы. Бұл мәселені шешудің бірнеше нұсқасы бар: BRT іске қосылғалы бері тарылып қалған Тимирязев арқылы, қарбалас сәтте қозғалыс қиындайтын Бұқар жырау не Сәтбаев арқылы, тіпті болмаса Абай даңғылы арқылы айналып өтуге болады. Сондықтан алдағы 6 айда Алматының жоғарғы бөлігі кептелістен көз ашпайтын сияқты.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv