Бүгін ұлы ақын, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күні – Абай күні аталып өтті. Осыған орай Республика сарайы алдындағы Абай ескеркішіне гүл шоғы қойылды.
Аталмыш шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев қатысып, құттықтау сөздерін айтты.
Биыл Қазақстанда Абай Құнанбаевтың туғанына 176 жыл және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтіледі. Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Абайдың баға жетпес мұрасы қазақтың ұлттық мәдениетіне зор ықпал еткенін атап өтті. Оның еңбектері бүгінгі күнге дейін шаһарымыздың, бүкіл елдің қоғамдық және мәдени өмірінің бағыттарын айқындап отыр.
Осыған дейін ұлы ақынның нақты қай күні дүние есігін ашқаны жайлы біраз кереғар пікірлер орын алған. Оның себебі, ақын ескі күнтізбе бойынша 29 шілде күні, жаңа күнтізбе бойынша 10 тамыз күні туған болатын. Бір жыл бұрын ғана Қазақстан Жазушылар Одағы осы дау-дамайдың нүктесін қойып, үкіметке ұсыныс білдірген. Нәтижесінде 10-тамыз күні «Абай күні» аталып, бүкіл халықтық мерекеге айналып отыр.
«Ресми мойындалған мереке болғандықтан, қазір қай қала, облыс орталығы болмасын, бар жерде Абай ескерткіші алдына гүл шоғы қойылып, мереке аталып өтіп жатыр. Барлық ғылым мен білім, мәдениет ошақтарында Абайға қатысты іс-шаралар жүргізілуде. Абай – тұңғиық терең құбылыс. Оны біз толыққанды зерттедік деп айта алмаймыз, бірақ былтырдан бері осы бағытта біраз ауқымды жұмыстар қолға алынды», - деді Ұлықбек Есдәулет.
Ақынның айтуынша, пандемия басталғалы бері барлық бұқаралық шараларға тыйым салынғандықтан, Абай атамыздың туған күнін әдеттегідей жұртты жинап, өлең оқытып, дүркіретіп өткізуге мүмкіндік болмады. Дегенмен, Алматы қалаық Мәдениет басқармасының қолдауымен бүгінде 50-ден астам онлайн мәдени шаралар ұйымдастырылып, 2 байқау өткізілуде.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов осындай қиын-қыстау кезеңде де ұлы тұлғаларымызды ұмыт қалдырмай, ең болмағанда рухына тағзым ету игі іс екенін алға тартты.
«Абай шығармашылығын бала кезден оқып, әлі күнге дейін зерделеп келеміз. Ол – жылдар тоғысында маңыздылығын жоғалтпайтын асыл мұра қалдырған ұлы тұлға. Қандай заман болмасын, халық көшбасшыларын ұмытпай, олардың сіңірген еңбектерін елеп, еске алу – ұлт міндеті. Бүгін де сол үшін жиналып отырған жайымыз бар», - деді Ахан Бижанов.
Шарада қалың қаламгерлер қауымы бас қоспаса да, жиналған жандар барша қазақ жұртын осынау мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, белгілі ақын Бақыт Беделханның айтуынша, Абай күні Қазақ халқы үшін маңызды әрі рухани мереке.
«Бүгін – Абай күні. «Абай күні» деп алты алашқа жар салып тойлаудың бүкіл ел үшін рухани бақыт екенін сезінеміз. Биыл айтулы мерекені екінші рет тойлап отырмыз. Абай күні барша қазақтарға құтты, берекелі, жақсы күндердің бірі болсын деп тілеймін. Міне, бүгін де Абай атамыздың ескерткішіне келіп, еске алып, гүл шоғын қою арқылы рухына тағзым жасадық», - деді Бақыт Беделханұлы.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі