Алматыда №9 олимпиадалық резервтегі спорт мектебі жаңартылып жатыр

17.04.2026

Алматы қаласының Әуезов ауданында орналасқан №9 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жобаны «ТемирПром XXI» ЖШС 2025 жылдың желтоқсанында бастаған.

Құрылыс алаңындағы жұмыстардың барысымен Алматы қаласын дамыту орталығының Басқарма төрағасы Руслан Берденов танысты. Қазіргі таңда ғимарат сейсмикалық тұрғыда күшейтіліп, терезелері толық ауыстырылған. Сондай-ақ шатыр қалпына келтірілген. Қазір құрылысшылар қасбетті жаңарту мен ішкі әрлеу жұмыстарына кіріскен. Алайда нысанда жұмыс күші жеткіліксіз. Осыған байланысты Руслан Берденов мердігер ұйымға еңбеккерлер санын арттырып, құрылыс қарқынын күшейтуді тапсырды. Жобаны шілде айына дейін толық аяқтау жоспарланған.

№9 спорт мектебі – қаланың спорттық инфрақұрылымындағы маңызды нысандардың бірі. 1970 жылдан бері мұнда талай чемпион тәрбиеленген. Қазіргі таңда мектепте спорттық гимнастика, акробатика, батуттық гимнастика, дзюдо және брейкинг бағыттары дамып келеді. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін спортшылар үшін жаттығу жағдайы жақсарып, оқу-жаттығу процесі толық қалпына келеді деп күтілуде.

ТӨРАҒА БЛОГЫ