10.10.2022

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Алматы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова сайлау учаскелерінің дайындығы туралы айтып берді.

 «Алматыда Президент сайлауына байланысты 600 сайлау комиссиясы құрылды. Сегіз аудандық және бір қалалық сайлау комиссиясы жұмыстарын бастауда. Қазіргі уақытта аудандық әкімдіктермен бірлесіп сайлаушылардың тізімі реттеліп жатыр. Әрбір азамат егер сайлау тізімінде болмаса немесе басқа қалада тіркелген болса, арызданып, өзін тізімге енгізе алады. Бұл шара 30 қазанға дейін жалғасады. Одан кейін өзін тізімге қосу мүмкіндігі жойылады. Осыны ескеру қажет», - деді Жанна Асанова.

Сонымен қатар, спикер 30 қазаннан кейін есептен шығару куәліктері берілетінін айтты.

«Есептен шығару куәліктерін алған тұрғындар басқа қалада, өңірде дауыс бере алады. Қазіргі уақытта біздің қызметіміз - азаматтардың кандидатты қолдап жиналған қолдарын тексеру», - деді ол.

 

 

 

Дереккөз: inform.kz