Алматыда 40-қа жуық бригада жол жөндеп жатыр. Жыл соңына дейін 200 көшедегі жол жөнделеді

13.04.2021

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде Қалалық мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Абжахан жол жағдайына қатысты ақпарат берді. Ол үстіміздегі жылы ұзындығы 196,5 км болатын 200 көшеге, оның ішінде 17 магистралды көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланғанын хабарлады.

Ернұр Абжаханның айтуынша, Алматы қаласында көше-жол желісінің ұзындығы 3096,8 км құрайды, оның 298,5 км асфальт төселмеген.

Ернұр Абжахан атап өткендей, 2025 жылға қарай 350 км жаңа жол салу (2021 жылы – 40,4 км, 2022 жылы – 80 км, 2023 жылы – 78,6 км, 2024 жылы – 80,6 км және 2025 жылы – 70,4 км) жоспарланған. Сондай-ақ жыл сайын ұзындығы кемінде 200 км жолға орташа жөндеу және 350 мың шаршы метрден астам жолға асфальт төсеу жоспарланған.

Ернұр Абжахан онлайн-брифинг барысында жолдардың бүгінгі жағдайы туралы мәлімет берді.

«Қазіргі кезде 39 бригада ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде, сондай-ақ 160 арнайы техника мен 394 жұмысшы жұмылдырылған. Қаланың 35 көшесінде жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді Алматы қалалық мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Абжахан.

Мысалы, кеше 3 мыңнан астам шаршы метр жерде шұңқырлар жабылып,  200-ден астам ақау қалпына келтірілді.

Сәуір айында Алматының 242 көшесіндегі 2 141 ақаулы учаскі ретке келтірілді.

Жергілікті атқарушы органдардың жоспарына сәйкес, ұзындығы 196,5 км болатын тағы 200 көшеге, оның ішінде ұзындығы 38,4 км болатын қаланың 17 магистралды көшесіне (Рысқұлов даңғылы, Сүйінбай даңғылы, Сәтбаев көшесі, Күдерин көшесі, Жансүгіров көшесі, Райымбек даңғылы, Яссауи көшесі, Шаляпин көшесі, Момышұлы көшесі, Жандосов көшесі, Сейфуллин даңғылы, Құрманғазы көшесі, Шығыс айналма жолы, Халиуллин көшесі – Құлжа жолы, Солтүстік айналма жолы, Боралдай көшесі, Тәтібеков көшесі) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Ай соңына дейін дайындық және бөлшектеу жұмыстарын бастау жоспарланған. Жол жөндеу жұмыстары шілде айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Аудандық маңызы бар қалған көшелер бойынша жұмыстарды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Алматыда жол салу және күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты. Спикердің айтуынша, Қалалық мобилділік басқармасы 10 ықшамауданда (Өжет, Шаңырақ-5, Самғау, Алғабас, Нұршашқан, Қайрат, Әлмерек, Құрамыс, Тастыбұлақ, Думан) жалпы ұзындығы 149,4 км жолда жұмыс жүргізу жоспарланған, биыл 100 км аяқтау жоспарланған.

Е. Әбжахан 3 жолайрықтың (Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесі, Рысқұлов даңғылы – Емцов көшесі, Бұқтырма көшесі – Құлжа жолы) құрылысы туралы айтып берді. Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесі қиылысында жолайрықты пайдалануға беру жоспары бар, ал 2022 жылы Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесі, Бұқтырма көшесі – Құлжа жолындағы екі жолайрықтың құрылысы аяқталады.

Қазіргі уақытта Таусамалы ықшамауданындағы Қонаев көшесін жаңарту жалғасуда, онда сатып алынған үй құрылыстарын мамыр айының соңына дейін бұзуды аяқтау жоспарланған, содан кейін жүру бөлігін кеңейту және тротуар жасау жұмыстары басталады. Жөндеу жұмыстары 2021 жылдың қыркүйегіне қарай толық аяқталады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі