Қала әкімі жұмыс сапары барысында Әуезов ауданының «Мамыр» ықшамауданында пайдалануға берілетін 1200 орынды және Түрксіб ауданындағы «Нұршашқан» ықшамауданындағы 600 орынды мектептерде болды. Бұдан өзге Бақытжан Сағынтаев Бостандық ауданындағы 300 орынды, Алатау ауданының «Қарасу» ықшамауданындағы 192 орынды, Медеу ауданының «Думан» ықшамауданындағы 850 орынды мектептер жанынан салынған жаңа қосалқы нысандарды аралап көрді. Сонымен қатар әкім №5 музыка мектебінің 350 орынды жаңа ғимаратында және жақын күндері ашылған көпбейінді музыка орталығында болды.
Мектептерді аралап шыққан Б. Сағынтаев білім ошақтарының айналасын абаттандыруға, көгалдандыруға, кіреберіс жолдар мен тротуарларды салуға және жөндеуге қатысты бірқатар тапсырма берді. Айта кетерлігі, қала әкімі оқу орындары директорларының назарын кезекші сыныптарда санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтау қажеттігіне аударды.
«Жаңа орындар мектептегі оқушылар тығыздығын азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, «Думандағы» мектептерде оқушылардың орын тапшылығы мәселесі шешімін тапты. Ал «Нұршашқандағы» бұл құрылыс Түрксіб ауданының басқа мектептеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін алғашқы салынған нысан», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Жалпы, ағымдағы жылы екі мектеп пен бес қосалқы нысанның пайдалануға берілуі арқасында 3,8 мыңнан астам оқушы орны құрылды. Қалада тұрғындар санының қарқынды өсуін ескере отырып, мектептер жанынан 1925 орынды жаңа қосалқы нысандар салу жалғасатын болады. Сонымен қатар 26 мыңға жуық орынды мектеп пен қосалқы нысандар салу қарастырылуда. 2240 орынды төрт жекеменшік мектеп ашу жоспарланған.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі