Коронавирусқа қарсы екпе салдырған Алматы тұрғындарының жалпы саны 270 500 адамнан асты. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн брифингі барысында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары міндетін уақытша атқарушы Лаура Мырзағали мегаполисте егу науқанының қалай өтіп жатқанын айтты.
Лаура Мырзағали өз сөзінде «Спутник-V» препаратымен мақсатты топтарды иммундау 1 ақпанда, ал жаппай вакциналау 2 сәуірде басталғанын еске салды. Спикер Алматыда 214 вакциналау пункті ашылғанын, 1 282 адамнан тұратын 315 егу бригадасы толық режимде жұмыс істейтінін хабарлады.
Айта кетерлігі, алматылықтар екпені медициналық ұйымдарда, мектептерде, СОО-да, базарларда, мәдениет және спорт нысандарында, тіпті мешіттерде ала алады. Лаура Мырзағалидің айтуынша, вакциналау үшін медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базарларда және қаланың СОО-да барлығы 250 егу пунктін іске қосу жоспарланған, сондай-ақ жылжымалы пункттер жұмыс істейді.
Онлайн брифинг барысында Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Алматы қаласы бойынша вакциналау статистикасын келтірді.
«Бүгінгі таңда барлығы 270 568 адам вакциналанды, оның ішінде 19 435 құқық қорғау органдарының қызметкері, 20 896 педагог, 27 045 медицина қызметкері. Қалғаны диспансерлік есепте тұрған тұлғалар, студенттер, зейнеткерлер және 60 жастан асқандар, мемлекеттік қызметкерлер, қала тұрғындары», - деді Л. Мырзағали.
Жалпы егілген адамдардың ішінде 60 жастан асқандар саны 30 421 адам. 2 991 адам қазақстандық QazVac вакцинасын салдырды. Қытайлық Sinopharm вакцинасы 3 365 адамға егілді.
Лаура Мырзағали қала мен ел тұрғындарын белсенді түрде вакциналануға шақырды, өйткені вакциналану арқылы ғана COVID-19-дан қорғануға болады.
«Біздің дәрігерлер тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн жұмыс істейді, олар туыстарын көрмейді әрі шаршады. Вакциналану арқасында ғана пандемияны жеңетінімізді түсінген жөн. Израильдің мысалынан көруге болады, олар коронавирусқа қарсы екпе алу бойынша әлемде бірінші орында тұр. Мұнда жұқтыру саны нөлге дейін төмендеген. Мен осындай нәтижелерге біз де жетеміз деп үміттенемін», - деді Лаура Мырзағали.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере келіп, Лаура Мырзағали АҚШ-та 12 жастан асқан жасөспірімдерге коронавирусқа қарсы екпе салудың басталғанын растады. Спикер олардың ведомствосы ресейлік «Спутник-V» вакцинасын жасаушы Н. Гамалея атындағы институттағы Александр Гинцбургпен кеңескенін айтты. Ғалымның айтуынша, қазіргі кезде клиникалық сынақтар жүріп жатыр. Сынақтар аяқталған соң оны Ресейде қолдануға болады. Ал Қазақстанда әзірге 18 жастан асқан адамдардың вакциналануына рұқсат етілген.
Л. Мырзағали өз сөзін коронавирусқа қарсы вакцина саны туралы ақпаратпен қорытындылады. Мәселен, барлық кезең ішінде 9 транш келіп түсті, вакцинаның 302 985 дозасы жеткізілді. Жалпы көлемнің ішінде QazVac вакцинасының бірінші траншы 3 000-ды құрады. Sinopharm вакцинасының 15 000 доза көлеміндегі алғашқы жеткізілімі келіп түсті. Бүгінде қалада мынадай көлемде вакцина бар: I компоненттің 37 417 дозасы, II компоненттің 78 444 дозасы.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі