Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев еліміздің ең ірі қаласындағы мектеп тапшылығын азайту мәселесін шешу туралы айтты.
Алматы әкімі өзінің Instagram-дағы аккаунтында мектеп құрылысына ерекше көңіл бөлінетінін, себебі балалар саны жыл сайын артып келе жатқанын баса айтты. Мегаполисте өмір сүру жағдайының жақсаруынан кейін демографиялық көрсеткіштер де өсуде. Бірінші сыныптарға биыл 30 мыңнан астам бала барды.
«Қалада мектеп құрылысы қарқын алды. Алатау, Наурызбай мен Түрксіб аудандарында 12 600 орынды 8 мемлекеттік мектеп бой көтеруде. Соның ішінде үш мектеп жыл соңында ашылады», — деп жазды Б. Сағынтаев.
Сыйымдылығы 8 мыңнан асатын жұмыс істеп тұрған мектепке жапсарлай салынып жатқан 17 корпустың 3-уі оқу жылының басында ашылды. Жуырда тағы 6 ғимарат пайдалануға беріледі. Қалған 8-і биыл қараша айының соңына дейін бітеді.
Жаңа мектептердің құрылысына жеке инвесторлар да белсенділік танытуда. Жаңа оқу жылында қалада 11 мектеп ашылды. Бірқатар жоба жүзеге асырылуда.
«Нәтижесінде 36 білім беру нысанының ашылуы мектептегі орын тапшылығын 23,3 мыңнан астам оқушыға азайтпақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыс жалғасын тауып, мектеп құрылысы жеделдетілмек», — деп атап өтті Алматы әкімі Б. Сағынтаев.
Хабарланғандай, жаңа оқу жылында қаладағы 287 мектеп 300 мыңға жуық оқушыға есігін айқара ашты.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі