Алматыда 2023 жылға дейін 20-дан астам мемлекеттік балабақша салынады

21.05.2021

Бүгін Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов мегаполистегі балабақшалар мен мектептер құрылысының барысы туралы айтып берді. Айта кету керек, пандемия кезінде бірде-бір құрылыс тоқтатылған жоқ, сондықтан білім беру нысандарын салу белсенді қарқынмен жүргізілуде.

Қайрат Жұмановтың айтуынша, Алматы қарқынды дамып келеді және жастар мен жас отбасылар үшін тартымды қала. Сондықтан жыл сайын халық саны өсіп, бала туу көрсеткіші артып келеді. Қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес мегаполисте әлеуметтік мақсаттағы нысандар қарқынды салынуда.

Жалпы, демографиялық процестер нәтижесінде 10 жыл ішінде қаладағы мектеп жасына дейінгі балалар саны 79 мың балаға артты. Осыған орай білім беру нысандарын үдемелі салудың арнайы үш жылдық бағдарламасы қабылданды. Мәселен, өткен жылы 670 орынды 4 мемлекеттік балабақша және 1,3 мың орынды 48 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым салынды. Сонымен қатар, 640 орынды 4 мемлекеттік балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Ұзақ мерзімді жалға беруден қайтарылып, күрделі жөнделген, сейсмикалық күшейтілген 315 орынды мемлекеттік балабақша ашылады.

Мектепке дейінгі орындардың тапшылығын төмендетуге шағын бизнес белсенді тартылуда. Биылғы жылдың өзінде 5 мың орынды 65 жекеменшік балабақша ашу жоспарлануда. Бұдан басқа, ЖСҚ әзірленуде және 2,3 мыңнан астам орынға арналған 10 балабақша салудың орындары анықталуда.

Ата-аналар үшін мектепке дейінгі білім берудегі тағы бір маңызды мәселе – төлем. Үкімет жеке балабақшалардағы қосымша қызметтер үшін төлемді бюджет есебінен ішінара өтеу жөніндегі бастаманы қолдаған болатын.

Баламалы шешім ретінде балалары кезекте тұрған отбасылар – аз қамтылған отбасылар, көпбалалы отбасылар, жас отбасылар, мүгедек ата-аналар, жалғыз басты аналар үшін ваучерлік тетік түрінде өлшемдерді айқындау мәселесі қарастырылуда. Қазірдің өзінде дайындық жұмыстары жүргізілуде және бұл әдіс алғаш рет Алматыда іске асырылады әрі 5 мың бала мектепке дейінгі білім берумен қосымша қамтылады.

Қ. Жұманов балабақша құрылысы бойынша жобаларға жан-жақты тоқталды. Биыл Наурызбай ауданында «Ақжар» және «Таусамалы» шағын аудандарында 240 орынды екі балабақшаның құрылысы аяқталады. Бұрын онда балабақша болмаған. Бостандық ауданында 120 орынды балабақша салынып, мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығы азаяды.

«Алматыда жаңа шағын аудандар, соның ішінде Түрксіб ауданындағы «Жас Қанат» белсенді дамуда. Мұнда 600-ден астам бала баратын екі балабақша жұмыс істейді. Алайда, бұл шағын аудан құрылысы жалғасуда, сондықтан жаңа шағын аудан аумағында 280 орынды тағы бір балабақша салу туралы шешім қабылданды», - деді Қайрат Жұманов.

Сондай-ақ босаған ғимараттар базасында балабақшаларды ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Биыл Әуезов ауданында бұрын жалға берілген 315 орынды балабақша іске қосылады. Қазіргі кезде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда.

«Бостандық ауданының Орбита шағын ауданында бұрынғы балалар үйінің ғимаратында екі мемлекеттік балабақша ашуды жоспарлап отырмыз, олардың әрқайсысы 320 орынға есептелген», - деді Қ.Жұманов. Сонымен қатар, әуежай ауданында жобалық қуаты 320 орынды тағы бір балабақша, ал Жетісу ауданындағы Ратушный көшесінде 280 орынды мемлекеттік балабақша салынады.

Жалпы, биыл Алматыда 3250 орынды 65 жекеменшік балабақша және 955 орынды 5 мемлекеттік балабақша ашу жоспарлануда.

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі