Алматыда 17 тамыздан бастап кәсіпкерліктің 44 мыңға жуық нысаны жұмысын қайта бастады

26.08.2020

Қала әкімі Б. Сағынтаев «Алматы» телеарнасының Akimat Live бағдарламасы барысында ШОБ субъектілерінің жұмысын қайта бастағаны және санитарлық қауіпсіздік ережелерінің сақталуын бақылау шаралары туралы әңгімеледі.

Алматылықтардың сұрақтарына жауап бере келіп, Б. Сағынтаев тұрақты санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың сақталғандығы жөнінде хабарлады. Үстіміздегі жылдың 26 тамызындағы мәлімет бойынша, КВИ-дің 14 129 дерегі тіркелді, 12 647 адам (89,5%) емделіп шықты, тәулік ішінде 56 адам сауықты.

COVID-19 жұқтырған 589 науқас стационарларда емделуде. Жалпы қуаттылық 5871 төсек орынды құрайды, олардың 10,2%-і бос емес. 5 192 (89,8%) төсек орын бос тұр.

Карантиндік шаралар жеңілдеген кезеңнен, яғни үстіміздегі жылдың 17 тамызынан бастап Алматы қаласы бойынша жұмысын қайта жандандыруға қатысты infokazakhstan.kz порталына 43 849 хабарлама түскен. 129 нысанға аудит жүргізілді, бүгінгі күні олар өздерінің дайын екендіктері туралы акт алды.

«Өкінішке қарай эпидахуал тұрақтанып, карантиндік режимнің жеңілдеуіне қарамастан кейбір кәсіпкерлер түсіністік пен жауапкершілікті жете сезінбеуде», - деп атап өтті қала әкімі.

17-25 тамыз аралығында мониторингтік топтар 5213 нысанға рейд жүргізді. Оның барысында 262 нысанның карантиндік және маскалық режимді бұзғаны анықталды. ҚР ӘҚ Кодексінің 425 бабының 1 тармағы бойынша карантиндік режимнің бұзылғаны үшін 463 хаттама толтырылды, оның ішінде заңды тұлғаларға 20 айыппұл, ал жеке тұлғаларға 442 айыппұл салынды, бұлардың ішінде маскалық режимді бұзғандар да бар.

Б. Сағынтаев аудан әкімдері мен Полиция департаментіне қала тұрғындары хабарлаған тәртіп бұзушылыққа жол берген кәсіпкерлік нысандарын айрықша бақылауға алуды тапсырды.