01.09.2022

Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп жатыр. Биыл 68 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Оңалбаев мәлімдеді. 

«2022 жылы 16 тұрғын үйді, яғни 1305 пәтерді немесе 68 мың шаршы метр несиелік және жалдамалы пәтерлерді пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, жұмыс істейтін жастар үшін ауданы 42 000 шаршы метр 1050 пәтер сатып алуға қаражат қарастырылған», - деп өз сөзін ӨКҚ спикері бастады.

Жалпы, ведомство өкілінің айтуынша, құрылыс жұмыстарының көлемі артты. 7 айда 54 315,4 млн теңге игерілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде коммерциялық тұрғын үй құрылысын ынталандыру үшін республикалық бюджет қаражатынан 150 көппәтерлі тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуда. Нәтижесінде 7 912 пәтер салынады, оның жарты бөлігі (50%) Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдікпен іске асырылды.

Айта кетсек, тұрғын үйді пайдалануға берумен қатар білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Оңалбаевтың айтуынша, құрылыс салушылар өз учаскелерінде мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер салуды көздеп отыр.   

«Бүгінде қалада 25 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін Қалқаман-2, Қайрат, Дархан, Мәдениет және Нұркент шағын аудандарында 7500 орындық 5 мектеп салынады. Сондай-ақ, 670 орындық қосалқы құрылыс нысанын салу арқылы №48, 191, 9 үш мектеп кеңейтіледі», - деді Ұлан Оңалбаев.  920 орынды Жас Қанат, Саялы-2, Айнабұлақ-4, Ақжар шағын аудандарында төрт жаңа балабақша салынады. Сондай-ақ басқарма қарамағында Ақжар және Нұркент шағын аудандарында 1350 орынды екі инновациялық шығармашылық орталық салу қарастырылған. Оларды пайдалануға беру 2023 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.

 Құрылыс басқармасының өкілі №166, 129, 145, 15, 122, 141, 31 және Білім-Инновация сегіз мектеп ғимаратының, сондай-ақ үш балабақша - №7, 113, 70 сейсмотұрақтылығын күшейту жұмыстары туралы айтты.   Биылғы жылы Саялы-2 және Зерделі шағын аудандарында 1100 орынды екі мектептің, №65, 101, 112, 148 және 59 мектептерде бес қосымша корпустың, Жас қанат және Шұғыла шағын аудандарында 580 орындық екі балабақшаның құрылысын бастау жоспарлануда. Сондай-ақ, №9, 10, 70, 80, 127 және 156 мектептері сейсмикалық нығайтудан өтеді.

Айта кетсек, биыл Зерделі шағын ауданында 380 орынды жатақханасы бар 720 орынды кәсіби техникалық училищенің құрылысы басталады. Сондай-ақ, №2 Алматы мемлекеттік педагогикалық колледжі үшін 450 орынды қосымша құрылыс салу жобасы әзірленуде.  

Ал жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 600 орынды 2 жатақхана салу жобасы әзірленуде (Алматы автомеханикалық колледжі және Алатау ауданының өнеркәсіптік аймағында орналасқан жатақханасы бар инновациялық технологиялар колледжі). Бұл нысандардың құрылысы 2023-2024 жылдарға жоспарланған.

 

 

 

Дереккөз: https://rsk.almaty.kz/news/1642