Фестиваль Дулат Исабековтың пьесалары негізінде өтті.
Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков сексеннің сеңгіріне шықты. Мерейтойға орай Алматыда дәстүрге айналған ІІ халықаралық «Исабеков әлемі» атты театр фестивалі өтті.
5 күнге созылған байқауға отандық театрлармен бірге, Түркия, Грузия және Аустралиядан келген ұжымдар да қатысты. Ал қазақтың қабырғалы қаламгеріне ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық лебізін жеткізуге арнайы Мәдениет және спорт министрі келіп, құттықтау хат оқыды.
«Ілгері басуына сүбелі үлес қосып келе жатқан көрнекті қаламгер ретінде жақсы біледі және қадірлейді. Сіздің қаламыңыздан шыққан тартымды туындылар ұлттық рухани мәдени қазынамызды байыта түсті. Шынайы өмірді арқау еткен шығармаларыңыз негізінде түсірілген көркем фильм талғамы биік көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Қазақ драматургиясының өркендеуіне сіңірген еңбегіңіз өте мол», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Фестиваль Дулат Исабековтың пьесалары негізінде өтті. Іс-шараның басты мақсаты – елімізді рухани байыту және халықаралық мәдени байланысты нығайту. Байқаудың жабылуында үздік деп танылған қойылым, актер мен актриса марапатталды. Оларға қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды.
«Ағамыздың қаламынан туған «Мазасыз күндер», «Қара шаңырақ», «Тіршілік» секілді повестері мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» романы көпшіліктің жүрегінен орын алып, әдебиетіміздің қазынасын байтты. Әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, мәдени өрісімізді кеңейтті. Дулат Исабеков мазмұнды пьесалары әлем елдерінің әйгілі сахнасында қойылып жүрген бірден бір қазақ драматургы», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Дереккөз: Almaty.tv.