Бүгін Алматыда ҚР Ішкі істер министрлігнің М. Есболатов атындағы академия базасында қоғамдық қауіпсіздіктің «сервистік моделіне» көшу мәселесі бойынша мамандандырылған семинар-тренингтер өтуде.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров семинарды аша отырып, полицияның «сервистік моделін» енгізу жұмыстары Мемлекет Басшысының Жолдауын орындау аясында жүргізіліп жатқанын атап өтті. Басты міндет – халықпен бірлескен жұмысты күшейту арқылы қылмыстың алдын алудың тиімділігін арттыру.
Сервиске бағытталған полиция қызметі – бұл полиция мен қоғамға жаңа әдістерді қолдану арқылы қылмыстың, құқық қорғау және қауіпсіздік мәселелерін ынтымақтастықпен шешуге мүмкіндік беретін модель.
Бүгінде Алматыда «сервистік полицияны» енгізудің пилоттық аумағы шағын аудан деңгейінен Алатау ауданына дейін (ауданда 300 мыңнан астам адам тұрады) ұлғайды. Сондықтан аталған аумақты картаға дұрыс түсіру, құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың қосымша шараларын талдау және әзірлеу мақсатында ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері үшін семинар-тренингтер өткізіледі.
Семинар-тренингтің мақсаты – ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелерін полиция қызметіндегі заманауи әлемдік тәсілдерге, деректермен жұмыс жасауға,сондай-ақ «полицияның сервистік моделі» тұжырымдамасы аясында халықпен өзара іс-қимыл бойынша әрекет етуге оқыту.
Ведомствоаралық жұмыс тобының құрамына қалалық басқармалардың, Алматы қаласы полиция департаментінің, прокуратураның және ҮЕҰ өкілдері кіреді. Семинарға қоғам қайраткері, Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының (ЕҚЫҰ) полиция реформасы жөніндегі кеңесшісі Эльмира Хисамутдинова қатысты.
Еске салсақ, бұрындары, ағымдағы жылдың маусым-қараша айларында «полицияның сервистік моделі» Алматы қаласының екі ауданында іске қосылды, олар: Бостандық ауданының «Керемет» ТК және Алатау ауданының «Өжет» шағын ауданы. Пилоттық жобаны іске асыру қорытындылары оның тиімді екенін көрсетті.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі