526 өтініш беруші өздерінің төлем қабілеттілігін растау үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінен» жолдама алатын болады. Тағы 457 адам резервке енгізілді.
Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Twitter-дегі өзінің парақшасында хабарлады.
«Алматы жастары 3.0». Жыл басынан бері төлем қабілеттілігін растау үшін 1035 адам жолдама алды. Тіркеу талабы жойылғаннан кейін тағы 526 жолдама алады, ал 457-сі резервке енді. Жұмыс істейтін жастарға 5 пайыздық несиенің берілуі – баспаналы болудың ең тиімді мүмкіндігі», - деп жазды қала әкімі.
Бірінші кезең барысында 3220 өтініш түсті, оның ішінде 1035 адамға жолдама берілді. Жұмыс жасайтын жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қалалық бағдарламаның шарттарына өзгерістер ензігілген соң 5471 өтініш түсті. Бағдарлама талаптарына сай болмағандықтан 2527 өтініш қабылданбады, ал білім саласының қызметкерлері берген 1964 өтініш қаралу үстінде.
Бағдарлама талаптарына 980 адамның өтініштері сай келеді, олар денсаулық саласында жұмыс жасайтын - 587; мәдениет саласындағы - 112; спорт саласындағы - 23; ЖОО мен ҒЗИ оқытушылық пен ғылыми қызметпен айналысатын - 170; БАҚ саласындағы - 56; әлеуметтік саладағы 32 адам.
Қабылданбаған өтініштердің басым бөлігі жұмыс орындары немесе қызметтерінің бағдарлама талаптарына сай келмеуі салдарынан кері қайтарылды. Яғни, 36 өтініш берушінің жеке баспанасы бар екені , 46 адамның өз баспанасынан бас тартқаны анықталды, 152 адамда зейнеткерлік төлем болмаған, 77 адамның өтініштері жоғарыда аталған себептерге қатысты кері қайтарылған, ал 23 адам алғашқы қабылдау кезіндегі несиелік өтініштерін ұсынған.
Еске салсақ, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шешімі бойынша бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелірінің Алматыда тұрақты тіркеуде болуы талабы алынып тасталған еді. Осыған орай, ағымдағы жылдың 22 маусымынан 6 шілде аралығында өтініштерді қабылдау қайта жүргізілген болатын.
Өтініштер мен құжаттарды қабылдау толықтай автоматтандырылған. Өтініштерді қабылдау электрондық қолтаңба арқылы www.almaty-zhastary.kz сайтында іске асады. Жинақталған баллдарды автоматты түрде есептеу үшін электронды калькулятор енгізілген. Бұдан өзге, сайттағы жеке кабинет арқылы берілген өтініштің деңгейін жеке көруге де болады. Тұрғын заемдарының ашық әрі адал бөлінуін қамтамасыз ету үшін бағдарламаға қатысушылардың толық тізімі сайтта жарияланған.
13 миллионға дейінгі жеңілдетілген ипотекалық заем жылдық 5% мөлшерлемемен «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» арқылы беріледі. Өздерінің төлем қабілеттіліктерін ойдағыдай растаған бағдарламаға қатысушылар 60 күн ішінде бірінші және екінші нарықта тұрғын үйді жеке өздері таңдай алады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі