11.12.2024

Алматыда ауқымды игі істер марафоны өз мәресіне жетті. Халықаралық еріктілер күніне орай ұйымдастырылған бұл шара Алматы қаласының еріктілер фронт-офисінің бастамасымен және Жастар саясаты басқармасының қолдауымен өтті.

Игі істер марафоны аясында 4–9 желтоқсан аралығында 20-дан астам шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілерге қолдау көрсету, қарттар үйіндегі қайырымдылық концерт, экологиялық шеберлік сабақтары және білім беру мен әлеуметтік бастамалар бар.

Алматы қаласы волонтерлер фронт-офисының мәліметінше, Алматы – тек Қазақстанның экономикалық және мәдени орталығы ғана емес, сонымен қатар волонтерлік қызметтің алдыңғы шебінде тұрған қала. Бүгінгі таңда қалада 30-дан астам ірі еріктілер ұйымы жұмыс істейді, олардың құрамында 50 000-нан астам адам бар. Биылдың өзінде алматылық еріктілер 800-ден астам акция өткізіп, мұқтаж жандарға көмек көрсету, қарттарды қолдау, экологиялық бастамалар мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағыттарында белсенділік танытты.

Ұйымдастырушылар жастар арасында волонтерлікті насихаттауға ерекше назар аударған. Марафон аясында өткен шаралардың бірі – әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған акциялар болды. Мысалы, «Наркостоп» жобасы аясында еріктілер қала ғимараттарының бетіндегі есірткі жарнамаларын өшірді. Ал «Oz ortana Qamqor bol» челленджі барысында еріктілер коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай таратып, олардың жұмысына қолдау көрсетті.

Өз кезегінде коммуналдық қызметкерлер белсенді жастарға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді

«Күн суықта кішкене денемізді жылытып,  көңілімізді көтеріп кетіп жатқан волонтерларға көп рақмет айтамыз. Осының өзі күш береді», - деді коммуналдық қызметкерлердің бірі.

Игі істер марафоны белсенді еріктілерді марапаттау рәсімімен аяқталды. Бұл шарада жыл бойы қаламыздың қоғамдық өміріне белсене қатысқан волонтерлерге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұл марапаттар олардың Алматының дамуына қосқан баға жетпес үлесінің белгісі ретінде берілді.

Айта кетейік, аталмыш қайырымдылық акциясы қаламызда тұрақты түрде өткізіліп тұрады.