29.04.2021

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы тікелей эфирде әлеуметтік нысандар салу жобаларының таныстырылымы барысында әлеуметтік қызмет көрсету және спортпен шұғылдану нысандары туралы айтты.

Қала әкімі Б. Сағынтаев мегаполисте соңғы екі жылда ондаған әлеуметтік нысан салынғанын атап өтті. Бұл жұмыс тұрғындардың нақты сұранысы бойынша жүріп жатыр. Соның ішінде әлеуметтік қызмет көрсету және спортпен шұғылдану нысандары салынуда.

53 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұратын үлкен қала үшін күрделі мәселе — оңалту нысандарымен қамтамасыз ету. Б. Сағынтаев Алматыны тең мүмкіндіктер жасалған инклюзивті қала ретінде дамыту міндеті тұрғанын атап өтті.

Әлеуметтік қызмет көрсету үйінің құрылысы аяқталып қалды. Оның басты мақсаты — «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік қызметтердің кең спектрін ұсыну, мұнда біздің қаланың әрбір тұрғыны тіркеу орнына қарамастан, мемлекеттік қызметтерді ала алады.

Сонымен қатар балалар мен ересектерге арналған екі оңалту орталығын салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бассейні бар спорт кешенін салу жобасы пысықталуда.

Спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында саны 4 мыңға дейін жеткізілген спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде. Былтыр 700-ден астам ашық спорт алаңы салынды. «Еңбек» бағдарламасы арқылы осындай спорттық алаңдарда жұмыс істеуге бейінді федерациялардың 300-ге жуық нұсқаушысы мен жаттықтырушысы тартылды.

Сонымен қатар қала үшін жабық алаңдар қажет. Биыл жергілікті бюджет есебінен қаланың шетінде 6 денешынықтыру-сауықтыру кешені мен бір теннис орталығы салынады.

Бюджеттен тыс қаржы есебінен 6 жаңа спорт нысанын, оның ішінде денешынықтыру-сауықтыру кешенін, үстел теннисі орталығын, теннис орталығын, күрес кешенін, гимнастика залын салу жоспарланған. «Сұңқар» ШТХК-де спорт кешенінің екінші кезегі аяқталады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі