Алматыда 2020 жылғы қарашадан бастап коронавирустың жаңа толқынына дайындық аясында мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен іске қосылған Телемедицина орталығы жұмыс істейді. Орталықтың негізгі міндеті — COVID-19 расталған үй карантиніндегі пациенттерді бақылау, қадағалау.
Орталықта 50 қызметкер жұмыс істейді, олар халыққа тәулік бойы консультациялық көмек көрсетеді. Орталық дәрігерлері коронавирусты емдеу мәселелері бойынша видеоконсультация береді. Күніне 1200-1500 шығыс және кіріс қоңыраулары өңделеді.
«Егер бізге хабарласқан адамның коронавирус инфекциясына тән белгілері үштен көп болса, біз оларды саралаймыз, төлқұжат мәліметтерін жинаймыз. Кейін аумақ бойынша мобильді бригаданы жібереміз, олар науқасты қарап, ПТР-тестілеу жүргізеді. Нәтижесі оң болып шықса мамандар қарап, ауруханаға жатқызу немесе амбулаториялық деңгейде емдеу мәселесі шешіледі. Оқшаулануға жағдайы болмаса, инфекциялық стационарға жатқызылады, ал егер мүмкіндігі болса адам 14 күнге оқшауланып, оның барысында ол бізде қаралады. Бізде портал құрылды, онда емханалар бізге пациенттер туралы, олардың қанша уақыт үй карантинінде екендігі туралы барлық деректерді жібереді», — деді Орталықтың бас менеджері Жұлдыз Бауыржанқызы.
Аумақтық емханалардың дәрігерлері пациенттерді қарап, ем тағайындайды. Орталық қызметкерлері осы пациенттердің жағдайына бақылау жүргізеді. Үй стационарындағы пациенттердің жағдайы нашарласа, олар дереу ауруханаға жатқызылады. COVID-19 расталған пациенттер ауруханаға жатқызылғаннан кейін де мамандардың бақылауында болады.
Бұл орталықтың тағы бір функциясы — пациенттердің карантин режимін сақтауын бақылау. Орталық қызметкерлері пациенттерге үнемі видеоқоңырау шалып тұрады, олардың ем қабылдауын және үйінен шықпауын бақылайды. Бұл жұмыс бақылауда тұрған пациенттер арасында карантин режимінің бұзылуын жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда орталық мамандарының бақылауында 587 адам бар. Ашылғаннан бері барлығы 5383 науқас бақылауда болды. Бүгінгі күнге дейін орталық 14 349 кіріс және 73 347 шығыс қоңырауы бойынша қызмет көрсетті.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі