Алматылықтар саябақтар мен аллеяларда қурап, сарғайып кеткен ағаштардың суреттері мен видеосын әлеуметтік желіде жариялап жатыр.
Әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қаланың жасыл қорын сақтау және абаттандыру мақсатында 8 аудан аумағында мамандандырылған ұйымдар жасыл желекті зиянкестерден қорғау үшін механикаландырылған және қолмен биологиялық тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Өңдеу елді мекендер аумағында қолдануға рұқсат етілген биологиялық және кейбір жағдайларда қауіптілігі төмен класты (Р-4) химиялық препарат қолданылады.
«Мысалы, «Битоксибациллин», «Актарофит» микробиологиялық препараты қолданылды. Бұл препараттың ерекшелігі - оның құрамында токсиндер жоқ. Бұл препарат адамдарға, араға, жануарларға, құстар мен балықтарға қауіпсіз», - деп хабарлады әкімдік.
Бұған дейін Алматы әкімдігі Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерімен бірлесіп, қаланың жасыл қорына мониторинг жүргізді. Нәтижиесінде, емен ағаштарынан дің зиянкестері анықталды. Қалада 2019 жылы инвазивті зиянкес түрлері ретінде тіркелген бұл зиянкестер Қырғызстан аумағынан әкелінген.
«Мамандандырылған ұйымдар жасыл желектерге, жалпақ жапырақты ағаштар мен емендерге зиянкестерден өңдеу жұмыстарын жүргізді. Жауын-шашынның көп болуы дер кезінде өңдеу жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп жатыр. Десек те, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, инфекция ошағы анықталған аумақ жасыл экономика басқармасының бақылауында», - деп атап өтті қалалық әкімдік өкілдері.
Дереккөз: inform.kz