«Халық күніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде мемлекеттік органдардың жұмысын сервистік қызмет моделі форматына трансформациялау жалғасуда. Осылайша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің озық тәжірибесі бойынша Алматы қаласы Полиция департаменті мен оның барлық бөлімшелерінде «Adaldyq alańy» фронт-офисі ашылды.
Кеңсені ПД басшысы Қанат Таймерденов пен Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Нығметжан Сапаров ашты.
«Мақсат – сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету және халықтың ішкі істер органдарына деген сенімін арттыру. Жобаны жүзеге асыруға департаменттің және бөлімшелердің тәжірибелі қызметкерлері, сондай-ақ көпшілік қатысады. Жобалық кеңсенің басты міндеті сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ықпал ететін ұсыныстарды жинау, қалыптастыру, себептер мен жағдайларды жою бойынша жаңа тәсілдер мен шешімдерді әзірлеу болып табылады. Жинақталған ұсыныстар мен шешімдер қоғамдық талқылауға ұсынылып, кеңінен талқыланады», — деді Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.
Алматыдағы «Adaldyq alańy» кеңсесін белгілі журналист Василий Шупейкин басқарады.
ПД фронт-офисінде қала тұрғындары үшін барлық қолайлы жағдай жасалып, қажетті санитарлық-эпидемиологиялық стандарттар сақталған. Білікті мамандар тұрғындарға құқықтық кеңес береді. Азаматтардың мүдделері бірінші кезекке қойылады, сонымен қатар ашықтық пен айқындылық, қоғамның сенімі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қағидаттары іске асырылады.
Құқық қорғау органдарының жаңа жұмыс форматына көшуі — ашық диалогты қалыптастырады, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттырады, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытады. Бұл технология сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың барлық заманауи талаптарына сай.
«Біздің жұмысымыздағы басты міндет – мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығы. Біз барлық мемлекеттік органдарда «Адалдық алаңы» фронт-офистерін ашуды жалғастырудамыз. Мемлекеттік органдардың бұлай өзгеруі сыбайлас жемқорлықты азайтуға және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді», — деді Нығметжан Сапаров.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі