Пандемия кезінде сұранысқа ие мамандар тізімін Алматы қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова жариялады. Бұл тізімде жұмысшы мамандықтар да бар, олардың қызметіне мегаполис кәсіпорындары мұқтаж.
Диляра Иманқұлованың айтуынша, пандемия кезінде алматылықтардың көбі тұрақты дамып келе жатқан және өздері күтетін жалақы тұрғысынан ең тартымды болып табылатын АТ салаларында жұмыс істеуге ұмтылады. Бұған көптеген ұйымның қашықтықтан жұмыс істеу режимі мен онлайн форматқа ауысуы да әсер етті.
Тағы бір ерекшелік — білім беру және денсаулық сақтау салаларының мамандарына сұраныстың артуы. Әрине, бұрынғыдай сұранысқа ие мамандықтардың қатарында — жұмысшы мамандықтар да бар. Қалаға құрылысшылар, дәнекерлеушілер, монтажшылар, сылақшылар, тігіншілер, бухгалтерлер, шаштараздар, курьерлер, күзетшілер, қызмет көрсетуші техникалық персонал.
«Біздің қала тұрғындарын «Еңбек» бағдарламасы бойынша оқытуға, жұмысқа орналастыруға, кейін өз ісін ашуға грант алу үшін «Бизнес бастау» жобасына қатысуға көмектесуге мүмкіндігіміз бар», — деп хабарлады Диляра Иманқұлова.
Жұмыспен қамту орталығының спикері экономистер мен заңгерлерге жұмыс табу бұрынғысынша қиын екенін атап өтті. Алайда, осы мамандық түлектерінің «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының арқасында тәжірибе жинау мүмкіндіктері бар. Алматының 500 ұйымы жоғары оқу орындарының, арнайы оқу орындары мен кәсіптік лицейлердің түлектерін жұмысқа қабылдауға дайын.
Пандемия көрсеткендей, еңбек нарығы өзгеріске ұшырап, жұмыс процестерін қайта құру қажеттігі туындады. Сондықтан қала тұрғындарының сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын үйренуге мүмкіндігі бар. Ол үшін Жұмыспен қамту орталығына жүгініп, оқу және кейін жұмысқа орналасу туралы толық ақпарат алуға болады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі