Алматы мен Сингапурдың цифрлық тандемі: «Ақылды қала» бағдарламасын дамыту аясында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды

30.07.2021

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен Цифрландыру басқармасы мен сингапурлық crimsonlogic PTE Ltd компаниясының басшылары «ақылды қала» жобаларын дамыту аясында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

CrimsonLogic Pte Ltd мен Алматының Цифрландыру басқармасы бірлескен жұмыс аясында мегаполисті цифрлық трансформациялауға және жайлы қалалық орта құруға басты назар аударуды жоспарлап отыр.

Айта кетерлігі, ынтымақтастықтың алғашқы жобасы «Алматы қаласының бірыңғай деректер базасы» болды. Оның даму стратегиясы әлемдегі ең озық елдердің бірі – сингапурлық «Citizen 360» моделіне сәйкес және деректерді дұрыс басқару адамның мүмкіндігін арттырады.

«Бірыңғай деректер базасын іске қосудағы негізгі идея оның көмегімен мемлекеттік органдардың, коммерциялық және академиялық ұйымдардың деперсонализацияланған деректермен алмасуын қамтамасыз ету», – деді Алматының Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев. Б. Қонырбаев crimsonlogic компаниясының «ақылды қалалар» жобаларын іске асыруда мол тәжірибе жинақтағаны, сондай-ақ цифрлық трансформациялау шешімдерінің портфелін үнемі кеңейтіп отыратыны туралы айтты.

«Біз өз алдымызға айқын мақсаттар қоямыз – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мен әлеуметтік ахуалды жақсарту ғана емес, жалпы Алматының инновациялық технологияларын дамыту. Сингапурлық компаниямен ынтымақтастыққа қуаныштымыз және оның «ақылды қала» жобаларын дамыту үшін жаңа перспективалар ашатынына сенімдіміз», – деп толықтырды Баян Қоңырбаев.

Өз кезегінде CrimsonLogic Wee tan Yeong вице-президенті екіжақты ынтымақтастықтың инновацияларды енгізу процесін жеделдететініне және Алматы қаласы тұрғындарының өмірі мен жұмысын жайлы етуге көмектесетініне сенім білдірді.

Сондай-ақ Wee Tan Yeong Сингапурда цифрлық технологияларды енгізу тәжірибесімен бөлісті.

«Елімізде цифрлық трансформация 1980 жылдан басталды. Осының арқасында ЖІӨ 100 еседен астам өсті. Сингапур барлық мемлекеттік қызметтерді, сондай-ақ бизнес саласындағы қызметтерді өзгертті. Мұның бәрі менің көз алдымда, қара-ақ суреттен бастап жарқыраған қалаға дейін болды. Осы уақыттан бастап сингапурлықтар цифрландырылған қызметтерді пайдаланудың тұрақты әдетін қалыптастырды», – деді Wee Tan Yeong.

Шетелдік спикер цифрландыру ойыншыларының бірі - My Info порталының жетістігі туралы айтты. Онда экономикалық транзакциялар жылдамдатылған. Мысалы, банкте оңай және тез шот ашуға болады. Бұл ақылды шешімнің пайдасын банктер ғана емес, сонымен қатар банк бөлімшесіне бармай-ақ уақытын тиімді пайдалануға ыңғайлы қарапайым азаматтар да бағалады.

CrimsonLogic-тің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Алуа Сатыбалдиева Алматының цифрландыру басқармасы Сингапурдың жолымен жүріп жатқанын айтты. Ол 30 жыл бойы өзінің тиімділігін көрсетіп келе жатқан түрлі платформалар туралы жан-жақты айтып берді.

«Біз 19 елде жұмыс істейміз, биыл Қазақстанда өкілдік ашамыз. Біздің жұмысымыздың бір бағыты – цифрлық қалалар мен цифрлық үкімет», – деді Алуа Сатыбалдиева.

Алматыда бірыңғай деректер қоймасы басқару жүйесін құруға мүмкіндік береді.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі