Алматылықтар Жаңа жылды тойлауға белсенді дайындалуда және отшашулар, басқа да жарылғыш заттар сатып алуда. Құтқарушылар мен дәрігерлер тіпті сертификатталған пиротехника нұсқаулықты сақтамаған жағдайда денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін екенін атап өтті. Алматы қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Александр Рау Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында фейерверктерді қалай дұрыс жағу және пиротехниканы таңдау туралы айтып берді.
А. Раудың мәліметтері бойынша, Алматыда жыл сайын орташа есеппен 16 өрт тіркеледі, бұл ретте өрттің 13%-ға жуығы пиротехникалық бұйымдарды пайдаланудан болады. Соңғы 6 жылда 80 өрт болды, оның 10-ы дәл осы себеппен.
Александр Рау отшашулар тек ойын-сауық қана емес, сонымен бірге үлкен қауіп екенін атап өтті. Сондықтан пиротехникалық өнімдерді пайдаланған кезде өте мұқият болу керек. Өйткені, өнімнің күмәнді сапасы және оны дұрыс пайдаланбау қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Егер отшашу әлі де сатып алынса, өрт сөндірушілердің кеңестерін есте ұстаған жөн.
«Пиротехникалық бұйымдардың жұмыс істеу принципі олардың әлеуетті қауіптілігін көрсетеді. Сондықтан олар өрт қауіпті және жарылғыш болып бөлінеді. Мақсаты бойынша пиротехникалық бұйымдар тұрмыстық немесе техникалық мақсатта болады. Қауіптілік дәрежесі бойынша олар бес сыныпқа бөлінеді. Тұрмыстық қолдану үшін тек I, II немесе III қауіптілік сыныбының бұйымдарына рұқсат етіледі. Бұл ақпарат міндетті түрде қаптамада көрсетілуі тиіс», - деп хабарлады Алматы ТЖД өкілі.
Бұдан басқа, қаптамада: қауіп туралы ескерту, дайындаушының атауы мен орналасқан жері, стандарт немесе оған сәйкес бұйым дайындалған өзге құжат, жарамдылық мерзімі, қауіпті факторлар мен қауіпті аймақтың мөлшері, қауіпсіз сақтау және кәдеге жарату жөніндегі талаптар, қолдану жөніндегі Нұсқаулық көрсетілуі тиіс.
Барлық жазулар мемлекеттік және орыс тілдерінде орындалуы тиіс. Пиротехникалық бұйымдардың сертификаты немесе сәйкестік декларациясы болуға міндетті. Бұл ретте аталған құжаттардың қолданылу мерзімі үш жылды құрайды.
«Әрқашан сәйкестік сертификатын талап етіңіз, әрбір пиротехникалық бұйым қолдану жөніндегі нұсқаулықпен жабдықталған, оны зерделеңіз. Бұл сізді қате әрекеттерден қорғайды», - деді А. Рау.
Құтқарушы пиротехниканы жабық үй-жайларда пайдалануға, балаларды тастап кетуге және оларды өз бетімен пайдалануға рұқсат етуге үзілді-кесілді жол берілмейтінін нақтылады. Сондай-ақ, оның айтуынша, пиротехникалық бұйымдарды көлік құралдары мен тұрғын үйлердің жанында пайдалану өртке себеп болуы мүмкін. Пиротехниканы шатырларда, ғимараттардың қасбеттерінің шығыңқы бөліктерінде, тарих және мәдениет ескерткіштерінде және базарларда пайдалануға тыйым салынады. Белгілі себептерге байланысты жарылғыш заттардың жанында темекі шегуге болмайды.
Сақтық шаралары мен пиротехниканы пайдалану және өткізу ережелерін сақтау денсаулық пен мүлікті сақтауға көмектеседі және мерекеден тек жақсы әсер қалдырады. Айта кетерлігі, құтқарушылар мен полицейлер биыл 1,5 тонна сертификатталмаған пиротехниканы анықтады, 12 адам жауапкершілікке тартылды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі