Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Алматы мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиев шағын және орта бизнесті қолдау шаралары туралы айтып берді. Еске салсақ, Алматы қаласының әкімдігі шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту мақсатында ағымдағы жылдың 1 қаңтары мен 30 маусымы аралығында, ШОБ өкілдерімен жалдау шарттары мен төлемдерін есептеуді кейінге шегеру бойынша жұмыс жүргізуде.
Рүстем Әлиев қазіргі уақытта шағын және орта бизнесті жалға алушыларға ҚР аумағында ТЖ кезіндегідей жалдау төлемдерін кейінге шегеруге өтінім беру және қосымша келісімдер жасауға мүмкіндік беретін сайттың функционалы қайта іске қосылғанын хабарлады. Осы мүмкіндіктің арқасында кәсіпкерлер 256,4 млн теңгеге дейін үнемдеді.
«Ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін жалдау төлемдерін кейінге шегеруге 216 өтінім қабылданып, қаралды», - деді Алматы мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиев.
Сондай-ақ спикер Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасының сайтында www.gov.kz/memleket/entities/almaty-depfin жалдау төлемдерін кейінге шегеруге өтінім беру туралы толық бейне нұсқаулық бар екенін еске салды.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасы Telegram қосымшасында виртуалды-кеңесші gosaktivy_bot чат-ботын іске қосты, ол мемлекеттік мүлікті жалға алу бойынша барлық сұрақтарға жауап береді», - деп атап өтті Рүстем Әлиев.
Басқарма басшысы жыл сайын 60 мың шаршы метрден астам мемлекеттік алаң жалға берілетінін хабарлады. Оның ішінде мектеп асханалары - 39,5%, жеке мектептер мен балабақшалар - 24,54%, нотариус, ателье, кеңсе және басқалар - 16,32%, оқыту және спорт секциялары - 9,2%.
Айта кетейік, былтыр 20 наурыздан бастап Мемлекеттік активтер басқармасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында жалдау төлемдерін кейінге шегеру бойынша шағын және орта бизнес субъектілерімен 1432 қосымша келісім жасады. Бизнесті дағдарысқа қарсы қолдау арқасында кәсіпкерлер 350 млн теңгеден астам қаражат үнемдеді.
Онлайн-брифинг соңында Рүстем Әлиев Алматы кәсіпкерлерін үнемдеу мүмкіндігін пайдаланып, жалдау төлемдерін шегеруді ресімдеуге шақырды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі