Алматы қаласының тұрақтандыру қорына жоғары сұранысқа ие 45 млн дәрі-дәрмек түсті

29.12.2020

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде мегаполис дәріханалары үшін дәрі-дәрмектерді тұрақтандыру қорын құруға қатысатын фармацевтикалық компаниялардың қоймаларын аралады.

Өзінің Instagram-дағы аккаунтында қала әкімі Б. Сағынтаев қала дәріханаларында жоғары сұранысқа ие дәрілік заттар мен медициналық өнімдердің тапшылығын болдырмау шаралары туралы айтты.

«Жұмыс сапары кезінде қаладағы дәріханаларға берілу үшін тұрақтандыру қорына сатып алынатын медпрепарат қоймаларындағы жағдаймен таныстым. Биыл «Медсервис Плюс» компаниясы 6 млн қаптама парацетамол мен аспирин жеткізді. Азаймайтын қор – 1,2 млн қаптама», — деп жазды Алматы әкімі.

Оның айтуынша, қабылдаған міндеттемелер аясында Biola фармацевтикалық компаниясы Алматыға 27 млн медициналық өнім — шприцтер, инфузиялық ерітінділер, электронды және сынапты термометрлер әкелді. Азаймайтын қор — 5,4 млн медициналық бұйым.

«Іңкәр» компаниясының қоймаларында — дәрі-дәрмектің 62 түрі бойынша 7,7 млн препарат бар, соның ішінде 1,4 млн антибиотик («Азитромицин», «Сумамед» және т. б.), дене қызуын түсіретін дәрілер («Ибупрофен», «Ибуфен» және т. б.), антикоагулянттар («Кардиомагнил», «Фраксипарин» және т. б.) мен вирусқа қарсы дәрілердің азаймайтын қоры бар («Фавипиравир», «Анаферон», «Ингавирин» және т. б.).

«Жалпы шілде айынан бері тұрақтандыру қорына медөнімдердің 64 түрі мен медбұйымдардың 4 түрі бойынша 45 млн дәрі-дәрмек жеткізілді. Бұл – жоспарланған көлемнен 12%-ке артық. Жалпы азаймайтын қор көлемі – 8 млн бірлік. Медпрепараттар қаладағы барлық дәріхана желісіне жіберіледі. Бұл шара аурудың ушыққан кезеңінде дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Алматы әкімі Б. Сағынтаев.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі