Алматы қаласының Бостандық ауданында жыл соңына дейін 1 600-ден астам жаңа оқушы орны ашылады

26.07.2021

2021 жылы ауданда үш мектеп күрделі жөндеуден өтеді, бес мектептің жаңа ғимараты, сондай-ақ жаңа балабақша салынады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов хабарлады.

«Орта білім беру инфрақұрылымы туралы айтатын болсақ, біздің ауданда жобалық қуаты 26 373 орынды 34 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, онда нақтылы 36 269 оқушы оқиды және 8 587 оқушыны қамтитын 21 жеке мектеп бар. Оқушы орындарының тапшылығы 4 475 бірлікті құрайды», – деді Бостандық ауданының әкімі.

Аудандағы оқушы орындарының тапшылығы мәселесі бұрыннан бар білім беру нысандарын кеңейту арқылы шешілетін болады.

«Қазіргі кезде үш мектептің жаңа корпустарының құрылысы жүргізілуде: Оларға 600 орынды №38, 300 орынды №191 мен 425 орынды №199 гимназия кіреді. №60 гимназияға 600 орынды жапсаржай құрылысы аяқталды. «Базис-А» инвестор-кәсіпорнының есебінен 300 орынды №65 жалпы білім беретін мектептердің және №146 лицейдің жаңа корпустарының құрылысы басталды», – деді А. Рахымбетов.

Сондай-ақ №81 мектеп-гимназиясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. №40 және №45 мектеп ғимараттары күрделі жөндеуден өтуде. Орбита-3 шағын ауданындағы №145 мектепті қалпына келтіру, сейсмикалық нығайту және күрделі жөндеу жоспарланған.

А. Рахымбетов Бостандық ауданында мектеп жасына дейінгі 10 423 баланы қамтитын 30 мемлекеттік, 36 жекеменшік балабақша мен 36 шағын орталық жұмыс істейтінін айтты.

«Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Балапан» республикалық бағдарламасы бойынша ауданда 19 ұйым жұмыс істейді, оларға 984 бала барады», – деді аудан әкімі.

Ауданда жыл соңына дейін №21 гимназия аумағында 120 орынды жаңа балабақша салынады. №71 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы тақырыбын жалғастыра отырып, аудан әкімі осы жылдың соңына дейін «Жаңа Алматы» кешенді жоспарын іске асыру аясында ЖИТС орталығының бөлімшесі бар хоспис ғимаратының (қазіргі уақытта ЖСҚ әзірлеуге конкурс жарияланды, Құлжа трактісі ауданында жер учаскесі бөлінді) және 70 төсек орынды «Қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының» жаңа корпусының құрылысы жоспарланғанын хабарлады.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі